
Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарайтын Бөкейхан ауылының белсенді азаматтары заңсыздықпен күресіп келе жатқанына жарты жылдан асты. Олар ауылдағы әділетсіздіктерді тоқтатуды былтыр жаздан бері талап етіп келеді. Құзырлы орындарға бірнеше рет арыз да жазған. Бірақ, нәтиже болмай отыр дейді.
Ауылдың белсенді екі азаматы Ақылбек Сәрсембаев пен Төремұрат Мирболатұлы «Құзырлы органдар арыздарымызды бір-біріне сілтеп, жан-жақты қарамай отыр, сондықтан бір жіберген жерге кері жолдауға мәжбүр болып жүрміз» дейді. Ауыл жанашырлары ресми органдарға арыз жазғаннан нәтиже көрмеген соң «Ақ Жайық» редакциясына шағымдануға мәжбүр болған. Бәрін басынан бастайық.
«АУЫЛ ӘКІМІ МЕН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ БОСАТЫЛСЫН!»
Бөкейхан ауылы Ресеймен шекаралас ауыл. Бұрынғы атауы – Котяевка. Мұнда екі мыңға жуық халық тұрады. Былтыр 17 маусымда Бөкейхан ауылы әкімінің есеп беру жиналысы өткен. Онда белсенді азаматтар көпшілік алдында ауыл әкімі қызметін асыра пайдаланып, заң бұзып отырғаны туралы айтып, ауыл әкімінің жұмысын сынаған.
Белсенді Ақылбек Сәрсембаев жиналыста ауыл әкіміне қатысты бюджет қаржысын мақсатсыз пайдалану, лауазымын теріс пайдалану, қызмет бабын асыра пайдалану, сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін талан-таражға салу туралы мәселе қозғалғанын айтады. Ауылдағы тәртіпсіздіктер, соның ішінде құқықбұзушылық деректерінің тіркелмеуі ашық айтылған.
Одан бөлек, ауыл мектебінің директорына да қатысты сұрақтар туындап, мектепте арақтың ішілуі, жұмысқа заңсыз қабылдау туралы да сөз болған.
Осы жиыннан ешқандай нәтиже болмаған соң ауылдың белсенділері ауылдағы мәселелерге назар аударуды сұрап, құзырлы мемлекеттік органдарға арыздар жолдай бастаған.
Сәрсембаев пен Мирболатұлы құзырлы органдарға жазған арыздарының саны 80-ге жуықтағанын айтады. Олар арызда ауыл әкімі Жүсіп Төреғалиев пен мектеп директоры Шынар Исатаева қызмет бабын асыра пайдаланып, заң бұзып отыр деп көрсеткен. Сондай-ақ, әкім мен директорды заңсыз әрекеттері үшін жауапкершілікке тартуды талап еткен. Арыз Бас прокуратураға, облыстық прокуратураға, облыс әкімдігіне, облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментіне, облыстық білім беру басқармасына, облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне жолданған.
Бірақ, әлі күнге дейін талаптары орындалмай, сауалдарына нақты жауап ала алмай келеді. Келген арыз жауаптарына да қанағаттанбайды.
«Жазған арыздарымызды мемлекеттік органдар бір-біріне сілтеп, жан-жақты әрі объективті қаралмай отыр», - дейді ауыл белсенділері.
Бұдан бөлек, бір топ ауыл тұрғыны мен мектеп мұғалімдері де облыс әкімі мен облыстық білім беру басқармасына ұжымдық арыз жазған. Олар өз арыздарында ауыл әкімі мен мектеп директорын қызметтерінен босатуды талап еткен. Оқушыларды ұрып-соғу, мұғалімдерден мәжбүрлі түрде ақша жинау, мектепте ішімдік ішілгені туралы келтірілген арызға 10-нан астам мұғалім қол қойған.
Бұған дейін олар аудан әкімдігіне және білім басқармасына бірнеше рет арызданған. Бірақ, нәтиже болмағасын облыс әкіміне арыз жолдаған.
Олар арызда: «Бұл заңға және адамгершілік қағидаларына қайшы. Үкіметіміз жастарды қолдап, болашаққа сеніммен қарауды насихаттап жатқанда, мектептерде мұндай жағдайлардың болуы еліміздің білім саласына деген сенімді бұзады. Балаларды жамандыққа, тәртіпсіздікке үйрететін мектепте дұрыс білім беру мүмкін емес» деп жазады.
МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ АҚША ЖИНАЛҒАНЫ ҮШІН ЕСКЕРТУ АЛДЫ
Осы арыздар ауыл мектебінде тексерістердың ашылуына түрткі болды. Тексеруді облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті және аудандық білім бөлімі жүргізді. Былтыр 3 қыркүйекте ауылдағы Фариза Оңғарсынова атындағы мектепте қызметтік тексеріс жүргізген аудандық білім бөлімі мектеп директоры Шынар Исатаеваға мұғалімдер арасында ақша жинау дерегі бойынша «ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданған.
Алайда, ауыл белсенділері «мектепте бір рет ақша жиналса, ескерту беруге болады, бірақ мектепте мұғалімдерден бірнеше рет ақша жиналды ғой, ол үшін ескерту беру қаншалықты әділ?» деп түсінбей дал.
Олар «мектепте ақша жүйелі түрде жиналып келді және оны растайтын дәлелдер бар» деп отыр. Белсенділер Ақылбек пен Төремұрат –жеке кәсіпкер. Сонымен қатар, Төремұрат ауылдағы жалғыз мектепте еңбек пәнінен сабақ береді. Ол 2016 жылы жұмысқа кірген.
— 2017 жылдан бері 17 қызметкерден ай сайын 1000 теңгеден жиналып келді. Мектеп кітапханашылары ақша берген мұғалімдерді қойын дәптерге тіркеп, жазып отырды. Ақша Kaspi Gold шотына аударылып немесе қолма-қол берілді. 2024 жылдың 15-17 наурызы аралығында ауыл әкімінің бұйрығымен 40-қа жуық мұғалімнен 3000-3500 теңге жиналып, аудан әкімін Бөкейхан ауылындағы «Інжу» тойханасында күтіп алу үшін жұмсалды. 2024 жылдың сәуірінде мектепке мемлекеттік аттестаттау комиссиясы келген кезде тағы 2000 теңгеден ақша жиналды, — дейді Төремұрат.
Ол мектепте ақша жинаудан бөлек, заңсыз жалақы төленгенін де айтып, бұл туралы құзырлы органдарға жазған арыздарда да көрсетілгенін айтады. «2023-2024 оқу жылында мектеп директоры психологтың жалақысын 0,5 ставкадан ресімдеп, заңсыз жалақы алып келген. Оған дәлел бар. Мектеп тәлімгері және тарих пәні мұғаліміне 2024 жылдың қаңтарынан мамырына дейін 0,5 ставка психолог жүктемесі тағайындалды. Бірақ ол ешқандай психолог қызметін атқармады. Бұл жалақы мектеп директорына беріліп отырған. Сол кезде мектеп лаборанты болып істеген қызметкерге 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың маусымына дейін 0,5 ставка жүктеме рәсімделіп, жалақысы басқа лаборант арқылы мектеп директорына беріліп отырған, - дейді Төремұрат.
Оның сөзінше, мұғалімдер қарсы пікір білдірсе, олардың сабағына қатысып, мін табуға тырысады екен.
- Педагог мәртебесі неге төмен дейміз. Педагог құқығын қорғап, басшылық әрекетімен келіспесе, сабақтарына қатысып, тырнақ астынан кір іздейді. Қазіргі таңда мектепте жұмыс жасау мүмкін емес, әрдайым қысым көрсету, одан қалса ақша жинау тыйылар емес, - дейді ол.
ТҰРҒЫНДАР ТАҒЫ ДА ЖИЫН ӨТКІЗУДІ ТАЛАП ЕТТІ
Былтыр 17 маусымда ауыл әкімінің есеп беру жиналысына құқық қорғау органдарының өкілдері қатыспағандықтан 80-ге жуық тұрғын қайтадан халықпен кездесу өткізуді талап етіп, Құрманғазы ауданы әкіміне арыз жазған. Арыз қанағаттандырылып, 23 қыркүйекте аудан әкімі ауылда жиын өткізді. Бірақ, оған дейін 28 тамызда облыс әкімі Серік Шәпкеновтың қатысуымен Құрманғазы ауданы тұрғындарымен жоспарланған кездесу өткен. Онда Бөкейхан ауылының азаматтары жоғарыда аталған мәселелерді қайта қозғаған. Осы кездесуден соң Төремұрат Мирболатұлы облыс әкімінің жеке қабылдауында да болған.
— Мен облыс әкімі Серік Шәпкеновпен кездесуде де, жеке қабылдауда да ауыл әкімі мен мектеп директорының заңсыз әрекеттері туралы ашық айттым. Бірақ, нәтиже болмады, — дейді Төремұрат Мирболатұлы. - Облыс әкімімен кездесуде ауыл тұрғындары ауылдағы сыбайластықты, заңсыздықтардың тоқтатылуын, ауыл әкімі мен мектеп директорының мәселесін реттеуді талап етті. Жиында жастардың көтерген мәселелерінің бірі - ауыл әкімі округ балансындағы тракторды өзінің жеке шаруасына пайдаланғаны. Облыста су тасқынына байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде ауылға уақытша берілген тракторды әкім өз фазендасындағы шаруасына пайдаланды. Бірақ ауыл әкімі ешқандай жауапкершілікке тартылмады, - дейді Ақылбек.
Осыдан кейін Бөкейхан ауылы тұрғындарының көптеген арызынан соң 23 қыркүйекте ауыл әкімі мен мектеп директорына қатысты мәселені талқылау үшін жиналыс өтті. Оған аудан әкімі және аудандық прокуратура мен полиция бөлімі басшылары қатысты. Сол жиында тұрғындар ауыл әкімі мұғалімдерден аудан әкімін күтіп алу үшін мейрамханада дастархан жаюға ақша жинағанын айтты. Сонымен қатар, жиналыста мектептегі буллинг те ашық айтыла бастады. 2023-2024 оқу жылында мектепте жоғары сынып оқушылары 8-сынып оқушысын ұрып-соғып, ақша бопсалаған. Соққыға жығылған бала есінен танып қалған.
ЖЕЛІДЕГІ ЖАЗБАҒА ЖАУАП
Бұған дейін Egovpress Telegram-арнасына осы мектептің оқушылары әлі күнге сыртқы әжетхананы пайдаланып жүргені туралы видео тараған. Осы жазбаның комментарийінде қойылған сұрақтарға
орай сол жерге Құрманғазы ауданы әкімдігі атынан мынандай жауап жарияланған: «Әлеуметтік желідегі жазба бойынша 2025 жылдың 30 қаңтары күнгі №80 бұйрықпен білім бөлімінен зерделеу тобы құрылды. Зерделеу барысында Фариза Оңғарсынова атындағы жалпы орта мектебінің
сыртындағы 3 әжетхананың екеуін сол күні бұзылып, орны тегістеліп және үшінші әжетхананың құлыптап қойылғаны анықталды. Мектептің 1-ші, 2-ші қабатында 13 орынға арналған әжетхана балалар және қызметкерлер үшін толық жұмыс жасап тұр. Мектеп әкімшілігі сумен қамту үшін 320 мың теңге, кәріз қалдығын тасымалдау үшін 250 мың теңге қаржы бөлініп “ДК Амангалиевпен” келісім шарт жасалған. Мектепте гигиеналық құрал жабдықтар, сұйық сабын, әжетхана қағазы үшін 147 мың теңге қаржы бөлінген. Жауапты тұлғаға тәртіптік шара алынды. Балалардың қауіпсіздігі күнделікті бақылауда екені қаперге беріледі».
ЖИНАЛЫСТАР МЕН АРЫЗДАРДАН СОҢ НЕ ӨЗГЕРДІ
Ауыл тұрғындары ауыл мәселелеріне құзырлы органдар назар аударады деп үміттенеді.
Белсенді Ақылбек Сәрсембаев өз арызында бюджет қаржысы мен мемлекет мүлігіне қатысты заңбұзушылық деректерді келтіріп, құзырлы органдарға туралы арыз жолдаған. Сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін талан-таражға салу, қызмет бабын асыра пайдалану деректері туралы алға тартқан.
— Біз бірнеше рет арыздандық. Әрбір заң бұзушылыққа дәлеліміз бар. Бірақ оны ешкім елемейді. Неге бұлай болып жатқанын түсіне алмаймыз, — дейді Сәрсембаев. Атап айтқанда, ол арызда ауыл әкімі өз фазендасындағы бақташыны жергілікті
әкімдікке жұмысқа алып, жалақы тағайындағанын келтіреді. Оның сөзінше, 2023 жылдың 1 қыркүйегі мен 2024 жылдың 17 шілдесі аралығында ауыл әкімдігіне бақташыны күзетші ретінде қағаз жүзінде тіркеп қойған, бірақ, іс жүзінде ол жұмыс істемеген.
- Одан бөлек, ауыл әкімі 2024 жылы наурыз айында мектеп жұмысшысын жұмыс уақытында екі апта бойына өз фазендасында жұмыс жасатқан. Ауыл әкімі округ балансындағы тракторды тіркемесімен бірге өз жеке қожалығында үш жыл бойы пайдаланған. Аудан әкімдігінің жанынан құрылған зерделеу комиссиясы берген жауапта «трактор 2022 жылдан бері жарамсыз, моторы бұзылған» делінген. Алайда, кейінгі жылдары мемлекеттік сатып алу арқылы миллиондаған суммаға қосалқы бөлшектер сатып алынған. Округ аумағындағы мазарды қоршау мемлекеттік сатып алу арқылы тапсырыс берілсе де, оның біраз жұмыстарын сол уақыттағы әкімдік жанынан 15 шақты қоғамдық жұмыспен қамтылғандар мен клуб және мектеп жұмысшысы жұмыс уақытында қоршаған. Қоршаудың кей жерінің асты-үстіне сым тартқан. Тендер талаптарына сай келмесе де жұмысты округ әкімі көз жұмып қабылдаған.
Тағы бір жайт, ауылдағы қызметтік пәтерден жас спорт маманын шығарып жіберіп, орнына қызметте болмаса да директордың ағайынын кіргізіп қойған, - дейді Сәрсембаев.
Осы аталған деректер жиналыстарда да айтылған.
- Былтыр 17 маусымда өткен ауыл әкімінің есеп беру жиналысындағы айқайдан кейін ауыл әкімінің жеке қожалығындағы бақташы жұмысқа шыққан, - дейді Ақылбек. Ол былтыр 26 желтоқсанда облыс әкімінің жеке қабылдауында болып, осы мәселені тағы көтерген.
- Облыс әкімі жағдайды бақылауға алатынын мәлімдеген. Былтыр облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тұрғындардың арызы негізінде жоспардан тыс тексеру кезінде ауыл әкімінің күйеу баласы 2024 қаңтарында мектепке заң бұзушылықпен ұйымдастырылған конкурс негізінде жұмысқа орналастырылғанын анықтаған. Бірақ, бұл үшін ешкім жауапкершілікке тартылмаған.
Ауылда жылдар бойы шешімін таппай қордаланған мәселе өте көп, солардың бірі - ауыл судың үстінде отырса да әлі күнге дейін су жоқ. Жиналыстағы айқайдан кейін біраз нәрселер өзгеріпті, ауыл әкімінің учаскелік полиция инспекторы болған туған балдызы да ауысқан, - дейді Ақылбек.
БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚОРҚЫТЫП-ҮРКІТУ
Белсенділер Ақылбек пен Төремұрат ауылдың мәселесін ашық айта бастағалы түрлі қысымға да ұшырап, қорқытып-үркітуге де тап болған. Бірде ауылда бейтаныс жігіттер «мектепте ақша жинау мәселесіне неге араласасың» деп, Төремұратты соққыға жығып кеткен. Ал келесі бірде Ақылбек екеуіне жолыққан бейтаныс біреулер қалада арнайы іздеп келіп, екеуіне бұл мәселеге араласпауды ескертіп, мұның соңы жақсыға апармайтынын жеткізген.
- Олар аяқ-қолдарыңды сындырамыз деп, қоқан-лоқы көрсетті, - дейді белсенділер.
Төремұрат денесіндегі жарақатын үйде емдеген. Ал қорқытып-үркіту және соққыға жығу деректегі туралы олар құқық қорғау органдарына хабарлағанымен, өздеріне тиіскендерді танымайтындықтан жазбаша арыз қалдырмаған.
РЕСМИ ОРГАНДАР ЖАУАБЫ
Біз тиісті органдарға комментарий алу үшін ресми сауал жолдадық. Облыстық прокуратурадан Бөкейхан ауылдық округінің әкімі Жүсіп Төреғалиевтың іс-әрекетіне қатысты биыл 6 қаңтарда жоспардан тыс тексеру басталғанын хабарлады. Тексеруді мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасы жүргізеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша
департаментінен ауыл әкімі мен мектеп директорына қатысты арыздар облыстық әкімдікке, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне және Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне және басқа да құзырлы органдарға жолданған. Сонымен қатар, 2024 жылы желтоқсан айында Ақылбек Сарсембаевтың арызы бойынша
тексеру жүргізу үшін арыз Атырау облысы бойынша әкімдігіне, Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жолданған. Алайда, Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті өз жауабында қаржы бұзушылықтар құжаттармен нақтыланбағандықтан арыздар қараусыз қалдырылған деген.
Алайда, Ақылбек те, Төрмұрат та бұл жауаппен келіспейді.
- Біз арыздарымызға дәлелдер келтіріп, қоса тіркедік, - дейді белсенділер.
МЕКТЕПТЕ АНЫҚТАЛҒАН БҰЗУШЫЛЫҚТАР
Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті былтыр 19 сәуірде мектепте дене шынықтыру пәні мұғалімі лауазымына жарияланған конкурсты өткізу кезінде заң талаптары бұзылғаны анықталғанын растады.
- Конкурс кезінде «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» № 57 бұйрығының 144, 150, 156, 165, 166 тармақтарының және 16-қосымша 7- тармағының талаптары сақталмағаны анықталды. Департамент анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті жұмыстар жүргізу үшін Атырау облысы білім беру басқармасына хат жолданды, - деп жауап берді департамент басшысы Бердібек ТАИШЕВ.
Атырау облысы білім беру басқармасы басшысы Марат АБУОВ болса, тұрғындардың арызы бойынша былай деп жауап берді: «Мектеп директоры Шынар Исатаева және оның шаруашылық жөніндегі орынбасары Талғат Кубенов өз түсініктемелерінде мектеп жұмысшысы М.Шмекеновтің наурыз айында жұмыста
болғанын көрсетіп отыр. М.Шмекенов өз түсініктемесінде мектеп директорының 2024 жылдың наурыз айында ауыл әкімінің жерін қарауға жібергенін көрсетті. Аталған мектептің мұғалімдерінен 2024 жылғы наурыз айында аудан әкімін қонақтауға
заңсыз ақша жинау мәселесі де көтерілді. Мектеп директоры Ш.Исатаева мен лобарант Ш.Нурманова ақша жинау фактісін мойындамады. Алайда мектеп лобаранты Ш.Нурмановаға мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ж.Абдигалиева және 3 мұғалім 3000-3500 теңге жібергенін, 1 мұғалім 2024 жылдың сәуір айында мектептерді мемлекеттік аттестаттау комиссиясына 2000 теңге жібергенін көрсетіп түсініктеме берді».
Төремұрат 3 ақпан күні қалада мектеп директоры Исатаеваның тәртібі қаралған кеңеске шақырылды.
- Комиссияда Исатаеваны жұмыстан босату туралы мәселе қаралды. Бірақ жұмыстан босатылу - заң алдындағы жауапкершіліктен құтылумен тең. Әр адам заңсыз әрекеттері үшін жауап беру керек. Әйтпесе, заң бізге не үшін керек? - дейді Төремұрат.
МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ АЙЫПТАУЛАРҒА НЕ ДЕЙДІ?
Бөкейхан ауылындағы Фариза Оңғарсынова атындағы мектеп директоры Шынар Исатаеваға да өзіне қатысты айтылған барлық айыптауларға комментарий беруін сұрадық. Ол өзіне қатысты айтылған мәліметтердің «бәрі де жалған» деді. «Мектепте ешкімнен ақша алғаным жоқ» деген Исатаева «қарамағындағы қызметкерлер арқылы алды» деген айыптауды да мойындамады. Оның сөзінше, бұл жерде Төремұрат Мирболатұлы жеке бас араздығынан дау шығып отыр. Ол кезінде кофемашинаны мектепке әкеліп орналастырғысы келгенде әлеуметтік теңсіздік болмасын деп, рұқсат етпегенін айтады. Алайда, Төремұрат мұнымен келіспейді, ол директор жауапкершіліктен құтылу үшін әдейі солай айтып отыр дейді.
- Бұл жерде кофемашинаның да, жеке бас араздығының да бұл мәселеге еш қатысы жоқ. Мен болып жатқан әділетсіздіктерге ұзақ шыдап келдім, енді шыдамым жетпейді, - дейді ол.
АУЫЛ ӘКІМІ ШЕ?
Біз ауыл әкімі Жүсіп Төреғалиевтен комментарий алу үшін өзінің ұялы телефон номеріне бірнеше рет хабарласып көрдік. Телефон көтермеді. Бұдан соң WhatsApp мессенджері арқылы номеріне сауалдарымызды жазып жібердік. Жауап келмеді. Осыдан соң ауыл әкімі уәжін, комментарийін сұрап, Құрманғазы аудандық әкімдігі мен облыстық әкімдік баспасөз хатшыларына сауалдарды жолдадық. Екеуі де ресми жауап беруге уәде берді.
P.S. Ақылбек Сәрсембаев материал дайындалып жатқанда 10 ақпан күні арызы негізінде Бөкейхан ауылы әкімдігінде мемлекеттік аудиттік тексерістің басталғанын хабарлады. Тексерісті облыс әкімі аппаратының ішкі аудит қызметі жүргізіп жатыр. Мемлекеттік аудиттің тексерісі облыс әкімінің 2024 жылғы 23 желтоқсандағы «Ішкі аудит қызметінің 2025 жылға арналған обьектілерінің тізбесін бекіту туралы» өкіміне сәйкес жүреді. Бұл туралы 15 қаңтар күні Сәрсембаевқа облыс әкімі аппараты басшысының м.а. М.Қасенов хатында жауап берген.
Сәлден соң ауыл әкімі хабарласты. Жүсіп Төреғалиев ауыл тұрғындарының айыптауымен келіспейді. Ол заңды бұзбағанын, ал жүргізілген тексеру ешқандай заң бұзушылық анықтамағанын айтады. Дегенмен, қазіргі уақытта мемлекеттік аудит жүргізіліп жатқанын растады.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +2