Атырау, 5 желтоқсан 08:53
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Теңіздегі наразылық: жұмысшылар тарады, бірақ жалақы мәселесі ашық күйде қалды

1 563 рет қаралды
Видеодан стоп-кадр

Теңіз кен орнында жалақыны көтеруді талап еткен «Кәсіби таңдау» ЖШС рекрутинг мекемесінің жұмысшылары 22 сәуірде таңертең сағат 7.30-да тарады. Бұл туралы «АЖ» тілшісіне мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Кемел Иманғалиев хабарлады.

Жағдай қалай өрбіді

Жұмысшылар 21 сәуірде таңертең сағат 7-ден бастап жалақысын 50 пайызға көтеруді талап етіп, желіге видеоүндеу жариялаған.

АНЫҚТАМА:
«Кәсіби таңдау» «Теңізшевройл» компаниясының мердігері саналатын  «Caspian Offshore Construction Realty» ЖШС-ін (әрі қарай - COCR) кадрлармен қамтамасыз етеді.   

Кейінірек «Ақ Жайық» редакциясына белсенділерге ықтимал қысым көрсетілгені туралы ақпарат келді: 

“Жұмыс беруші талапты орындауға құлқысы жоқ, онымен қоймай 180 адамды қудалауға ниетті. Ертеңге арамыздағы белсенділерге бөлімге шақырту келіп жатыр,  келмеген жағдайда мәжбүрлі түрде алып кетуге ескерту келді”, - делінген редакцияның WhatsApp номеріндегі хабарламада.

Редакция хабарламада айтылған ақпаратты тексеру үшін еңбек инспекторларына хабарласты. 21 сәуірде келіссөзге мемлекеттік органдар атынан аудан әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова, аудан прокуроры Еркебұлан Ермеков және мемлекеттік еңбек инспекциясының басшысы Игілік Әубекеров қатысқаны белгілі.

Кемел Иманғалиевтың сөзінше, тараптар келісімге келген. Жұмыс беруші өз тарапынын жұмысшыларды қудаламайтынын және жұмыс істемеген екі күнге жалақы есептелетінін хабарлаған. 

Әубекеровтің сөзінше, жалақыны 100 пайызға көтеру туралы талап болмаған. Ол жұмысшылар екі топқа бөлінгенін түсіндірді: 120-дан астам жұмысшы жалақыны 50 пайызға көбейтуді сұраса, 90-ға жуық жұмысшы вахта мерзімін қысқартуды, яғни 28 күн жұмысты 14 күнге ауыстыруды талап еткен. Талап қоюшы жұмысшылар – қоймада және көлік қызметін ұсыну бөлімінде істейтін түрлі лауазым иелері.  

Бірінші топ келіссөздер өтетін залға кіруден бас тартып, сыртта қалып, лауазымын көтеру туралы жазбаша бұйрықты талап етті. Компания басшылары оларға «мәселені бір күн талқылау үшін демалыс береміз. Залға келіп, келіссөзге келіңдер» деген. Бірақ жұмысшылар «далада талқылаймыз, жалақыны 50 пайызға көтеру туралы бұйрық алып кел» деп, келіспеді. Жұмысшыларға жұмысқа шықпаса, жұмыс тәртібін бұзған боп саналады деп ескертілді. Бұдан соң қудаламаймыз деген ауызша уәдесін алған соң жұмысшылар тарасқан.

Ал 14/14 вахталық жұмыс әдісіне ауыстыруды сұраған жұмысшылар кеңсенің мәжіліс залына келіп, талаптарын айтқан. «Кәсіби таңдау» мен COCR компаниялары басшылары олардың талабын тыңдап, шешуге тырысамыз деп уәде берген және меморгандар көзінше талаптарын қойғаны үшін қудаламаймыз деп сендірген. Осыдан кейін ғана жұмысшылар жатақханаға баруға келіскен.

Жалақы не болды

Ал жалақыны 50 пайызға көтеру туралы талабы ашық күйінде қалған. Компания басшылары жұмысшыларға жалақы бойынша өз бағдарламасы мен жоспары аясында жыл сайын жалақы мен нарық бағасын талдап, жыл аяғында жалақы көтеретінін алға тартқан. Бірақ жалақыны 10 пайызға өсіре ме, әлде 50 пайызға өсіре ме, бұл - белгісіз. «Оны компания жүргізілген талдау қорытындысына қарап шешеді» дейді Әубекеров.   

Айтпақшы, алдын ала талдау басқа компанияларда осыған ұқсас жұмыс үшін жалақы деңгейі не сәл жоғары, не 5-10 мың теңгеге төмен болуы мүмкін екенін көрсетті.

Ол сондай-ақ: 14/14 кестесімен жұмыс істегенде жалақы шамамен 260 000 теңгені, 28/28 күн істейтіндер 500 мың теңге үстінде жалақы алатынын хабарлады.

Жалақы көлемі лауазым түріне байланысты. Мәселен, 14/14 күн жұмыс істейтін жүк тиегіш операторлар «Кәсіби таңдауда» 266 550 теңге, ал басқа мекемеде 257 800 теңгеден бастап, 270 000 теңгеге дейін алады. Бірақ бұл ақпарат - коммерциялық құпия.

Бүгінде «Кәсіби таңдау» мекемесінде 2700-нан астам адам штатта тіркелген. Компания мердігер ретінде бұл адамдарды COCR компаниясына жұмысшы ретінде ұсынып отыр.

Айнур САПАРОВА

22 сәуір, 18:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.