
Қазақстанның энергетика саласын дамытуға арналған жаңа басымдықтар мен мақсаттар ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде талқыланды. Жиынға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен елдегі төрт мұнай өңдеу зауыты – Атырау, Павлодар, Шымкент және Ақтау битум зауыты басшылары қатысты.
Кездесу барысында жанармай бағасын мемлекеттік реттеуден бас тарту сияқты жаңа экономикалық жағдайларға бейімделу және Мемлекет басшысының шикізаттық үлгіден бас тарту мен инвестицияны арттыруға қатысты тапсырмаларын жүзеге асыру жайы сөз болды. Министр 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасында қойылған мақсаттарға жету үшін саладағы күш-жігерді біріктірудің маңызды екенін атап өтті.
Стратегиялық бағыттар: 2040 жылға қарай елімізде мұнай өңдеу көлемін қазіргі 18 млн тоннадан 38 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Ал 2032 жылға дейін бұл көрсеткіш 28 млн тоннаға жетуі тиіс. Бұл шаралар мұнайды терең өңдеуді арттыру арқылы қосымша құны жоғары өнім шығаруға және ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Басым міндеттер:
- Мұнай өңдеу тереңдігін 94%-ға дейін жеткізу;
- Ең жоғары экологиялық стандарттарға сай (К5 және Jet A-1) отын өндіруге көшу;
- Ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие мұнай-химия өнімдерінің көлемін арттыру;
- Технологиялық жаңғырту мен зауыттардың тиімділігін күшейту.
Министр Ерлан Ақкенженов салаға қажетті заманауи зауыттар, сапалы өнім мен сенімді энергиямен қамтамасыз ету міндетін уақытылы орындаудың аса маңыздылығын атап өтті. Ол жобалау, келісу және құрылыс кезінде кешігулерге жол бермеу керектігін қатаң ескертті.
Кейбір нақты міндеттер:
- Шымкент МӨЗ қуатын екі еселеу жобасына техникалық-экономикалық негіздеме дайындау жұмыстарын жеделдету;
- Павлодар мұнай-химия зауытының кеңейту жұмыстарының келесі кезеңін бастау;
- Атырау МӨЗ-де іске асырылып жатқан және болашақ қуаттылықты арттыру жобаларына дайындықты күшейту;
- Caspi Bitum зауытында жаңғыртудан кейінгі сынақ жұмыстарын уақытында аяқтап, тұрақты өндірістік деңгейге көшу.
Бұл шаралар ішкі нарықтағы өсіп келе жатқан сұранысты, әсіресе дизель отынына деген қажеттілікті қанағаттандыруға және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.