Өткен жұмада, 16 тамыз күні Атырауда түн ортасы шамасында «Армада» мейрамханалар кешенінде полиция қызметкерлері 14 адамды: мекеме қызметкерлері мен клиенттерді тұтқындады.
Көзбен көргендердің айтуынша, барлығы мұқият дайындалған операция сияқты көрінді. Полиция қызметкерлері мейрамханаға азаматтық киіммен әр түрлі есіктерден кірген. Кешенге кіретін жолдар дабылы қосылған сақшы автокөліктерімен бекітілген. Барлық ұсталғандарды аулаға шығарып, қалалық ІІБ-ке алып кетті. Сол жерден «Армада» қызметкерлерінің бір бөлігі мен клиенттері келесі күні таңда ғана жіберілді. Ал мейрамхана кешенінің сегіз қызметкеріне сол күні Әкімшілік кодекстің 355-бабы бойынша кінәлі деп танып, айыппұл салу және 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы сот қаулысы шығарылды.
«АРМАДАНЫҢ» НҰСҚАСЫ
«Армаданың» өкілі, «Инфинити-Орда» ЖШС-нің атқарушы директоры Гүлнәр ӨМІРОВАНЫҢ айтуынша, полиция мейрамхана қызметкерлерін тұтқындау фактісіне ешқандай түсінік бермеген.
- Сақшы батальонының командиріНұрболат ӘЛИКЕШОВ біздің сұрақтарымыз бен ескертулерімізге еш құлақ аспады, тек ҚІІБ-ке келіңіздер деп бұйрық берді. Біраз уақыт өткеннен кейін қызметкерлеріміз телефон көтермеді. Олардың біреуі келесі күні хабарласып, ішкі істер бөліміне келгеннен кейін бәрінің ұялы телефондарын тартып алғанын айтты. Әрқайсысын әр кабинетке отырғызып, саусақтарының ізін алып, суретке түсіріп, хаттама толтырған.
Бізге қандай айып тағып отырсыздар деген сұраққа олар ұстау кезінде полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсеттіңдер деп жауап берді. Біздің сыртқы және ішкі бейнекамералар жазбасынан ешқандай қарсылық көрсету фактілерін байқай алмадық. Осыған қарамастан, моральдық қысым көрсетіп, азаптаймыз деп қорқытып, хаттамаларға қол қоюға мәжбүрлеген. Жауап алу кезінде полицейлер бір-бірін жалған атпен атап, есімдерін жасырған. Біреуі өзін «сайқымазақ» деп те атапты.
ДОСҚА ТЕЛЕФОН ШАЛУ
Бұл фактіні полиция мейрамхана қызметкері деп қателесіп ұстаған клиенттердің бірі де растап отыр. Редакцияда оның заңсыз ұстау фактісі туралы арызы бар:
- Осы кеште мен достарыммен бірге алда болатын үйленуімді атап өтіп жатқанмын. Мен көлігім тұрған автотұраққа қарай келе жатыр едім, артқы жағымнан біреу белбеуімнен шап беріп, ұстап алды. Ешқандай ескерту болмағандықтан, мен шабуыл жасалған шығар деп, қағып жібердім. Сол бойда айналамда 5-6 адам жиналып қалды. Ешқандай өздерін таныстырмастан, жай ғана клиентпін деп ескертуіме қарамастан, «Газельге» отырғызып, «Армада» қызметкерлерімен бірге ҚІІБ-ке алып кетті. Абырой болғанда, жолда жоғары шенді полиция жолдасыма телефон шалып үлгердім, әйтпесе, мені мүлдем жібермейтін еді. Бұрын осы органда жұмыс жасағандықтан, көпшілігін білемін, кейбіреуі мені танып, тығылып қалды. Саусақ іздерімізді алуды және ұсталғанымызды ресімдеуді жас жігіттер жүргізді. Ұсталғандардың ішінен қызметкер емеспін, жай ғана клиентпін деп қарсылық білдірген – жалғыз мен. Алайда Бейбіт атты аға жедел уәкіл мені үш сағатқа, содан кейін кез келген сылтаумен түні бойы ұстауға құқылы екендігін айтты. Бірақ, танысым телефон шалғаннан кейін мені қылмыстық іздестіру бөлімі бастығының кабинетіне әкелді, ол жерде капитан Әлекешов пен Бейбіт бар екен. Олар мені тек алда болатын үйлену тойым үшін жіберетіндіктерін айтты. Мен оңай құтылып кеттім, ал мен сияқты қателесіп ұсталған басқа жігітке әкімшілік айыппұл тағып жіберіпті.
ПОЛИЦИЯНЫҢ НҰСҚАСЫ
Бұл оқиғаға қатысты полицияның өз нұсқасы бар. ІІД-нің баспасөз хатшысы Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, қызметкерлерді, нақтылап айтсақ, күзетшілерді ұстауға полицияның бұлтартпайтын негізі болған:
- Тамыз айының өзінде осы мейрамханада клиенттерге қатысты үш заңсыз әрекеттер жасалған (зардап шегуші клиенттердің осы жөнінде жазған шағымдары бар). 3 қылмыс тіркелді. Бір жағдайда клиентке дөрекі күзетшілерге травматикалық қарудан оқ атуға да тура келген. Екінші жағдайда зардап шеккендер – ерлі-зайыпты адамдар. Мейрамхана қызметкерлері алдымен күйеуіне күш көрсетсе, артынан әйелі де таяқ жеген. Екі іс бойынша да зардап шегушілер кінәлілерді таныды. Осы істер бойынша полиция мейрамханаға келген. Алайда күдікті қызметкерлер полицияның бірге жүріп, түсінік берулерін сұраған өтініштеріне өз аттары мен лауазымдарын айтудан бас тартып, ІІБ қызметкерлерін балағаттаған. Осыған байланысты қосымша сақшылар шақыртылып, мейрамхананың сегіз қызметкері қалалық ішкі істер бөліміне әкелінді. Бұл жерде олардың қарсыласқандары жөнінде емес, бағынбағандықтары туралы хаттама толтырылды.
ОСЫНДАЙ ҮЛКЕН МЕЙРАМХАНАНЫҢ «ҚОЛДАУШЫСЫ» ЖОҚ ПА ЕКЕН?
Ал енді «Армада» басшылығына келетін болсақ, олар клиенттерді соғу фактісінің орын алғандығы жөнінде мойындамай отыр. Өмірованың айтуынша, сенбі күні хабарласқан күзетшілер осы түнгі басбұзарлықтың артында не тұрғанын түсіндірді:
- Бұл шараны полицейлер «Армада» қызметкерлеріне психологиялық қысым жасап, ойын-сауық орнына «тегін» кіру үшін ұйымдастырған. Яғни, мейрамханаға кез келген уақытта кіріп, тегін ішіп-жеу, көңіл көтеруді ойлаған. Барлық мейрамханалар оларға тегін қызмет көрсеткенде, «Армадаға» ақша төлеу керек пе? Бұл мәселелер қатардағы қызметкерлер емес, басшылар деңгейінде шешіледі деп айтылған уәждер полицияға еш әсер етпеген. Сондай-ақ, полициялар «мұндай шаралар әлі де бола береді» деп ашық қоқан-лоқы көрсеткен. Келесі ұйымдастырылған операция кезінде қайта ұсталғандарды 15 тәулікке, соңынан 45 тәулікке дейін қамаймыз деп қорқытқан. Яғни, бәрібір жұмыс жасатпайды: не полицияны «Армадаға» тегін кіргізесің, не жұмыстан шығуға мәжбүр боласың.
Полицияның тегін қызмет көрсетесің деп талап қойғанын «АЖ» редакциясына хабарласқан мейрамхана клиенті де растап отыр. Осы әңгіме барлығын ҚІІБ-ке әкеліп, бір қатарға тұрғызып қойғанда айтылса керек.
ӘҢГІМЕНІ ӘРІ САБАҚТАСАҚ...
Дүйсенбіде, 19 тамыз күні «Армада» басшылығы осы жағдайды анықтау үшін Атырау қалалық прокуратурасына, ҰҚКД-ге, «Нұр Отан» филиалына және ІІД-нің жеке қауіпсіздік басқармасына шағым берді.
Айта кетсек, Атырауда осындай ойын-сауық орындарының күзетшілері келушілерге дөрекілік көрсетіп, өз құзіреттіліктерін асыра сілтеген бірталай оқиғалар болды. Кейде қылмыстарға да барып жатады, мәселен, белгілі бір мейрамханаларының бірінде күзетші клиентке пышақ жұмсаған. Одан сәл бұрын басқа бір клубта әжетхана бөлмесінде қыз зорлаған күзетші ұсталған болатын.
Сонымен қатар, осындай ойын-сауық орындарын «қолдау» көрсету үшін құқық қорғау органдары бөліп алады, ал бұл органдардың қызметкерлеріне бұл мекемелер тегін қызмет көрсетеді деген пікірлер де бар. Алайда бәрін тегін асыраймын деп, тақырға отырып қалуға да болады ғой...
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА