
Германияның Хайдельберг қаласында өткен парадзюдодан халықаралық турнирде Қазақстан ұлттық құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, оның ішінде атыраулық спортшылар үш алтын, бір күміс және екі қола медаль еншілеп қайтты.
Атап айтқанда, J1 +95 кг салмақта Ерлан Өтепов, J2 +95 кг салмақта Жұрқмырза Шүкүрбеков және J1 52 кг салмақта Альфия Тлекқабыл алтын медаль жеңіп алды. Ал J1 95 кг салмақта Абылай Әділбекұлы күміс жүлдегер атанса, J1 52 кг салмақта Айназ Құралова мен J2 70 кг салмақта Әнуар Сариев қола жүлдеге ие болды.
Жарысқа 15 елден 150-ден астам парадзюдошы қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті.

- Ақтық кездесуде Ұлыбританияның балуанымен күресіп, ипон әдісімен небәрі 4 секундта жеңіске жеттім. Алдағы мақсатым — келесі айда Грузияда өтетін әлемдік Гран-при турниріне дайындалып, одан кейін Астанада өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғау, — дейді алтын жүлдегер Альфия Тлекқабыл.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ