Атырау, 10 наурыз 18:54
 ашықВ Атырау -2
$ 494.84
€ 537.40
₽ 5.58

Атырау наркологиясындағы оғаш өлім - 2

859 просмотра

Бірнеше ай бұрын полиция адам өлтіру дерегі бойынша тергеуді тоқтатты, бірақ марқұмның туыстары мен олардың адвокаты әлі күнге дейін қылмыстық іс материалдарымен таныса алмай жүр.

Еске салайық, былтыр мамырда Атырау қаласының тұрғыны Сергей ГУТАЙ полицияның арнайы қабылдау орнынан Психикалық денсаулық орталығына (наркология) жеткізіліп, әкімшілік соттың шешімімен қамауға алынған. Осы арнайы мекемеде бір тәуліктен сәл астам уақыттан кейін ер адам қайтыс болды.

Оның туыстары мен олардың мүддесін қорғушы адвокат Айбар ҚОСЫМБАЕВТЫҢ пікірінше, марқұмның денесінен көптеген көгерген іздер мен гематомалар табылғандықтан, өлім қылмыстық сипатта болған. Алайда, облыстық сот сараптама орталығында жүргізілген сот-медициналық сараптама Гутайды «жүрек-қантамыр жеткіліксіздігімен асқынған алкогольдік кардиомиопатиядан» қайтыс болды, ал барлық дене жарақаттары «сараптамадан 3-5 күн бұрын тірі кезінде денсаулыққа жеңіл зиян келтірілген және өлімге себеп-салдарлық байланысы жоқ» деген қорытынды шығарды.

Бұл тұжырымдармен келіспеген адвокат пен Виктор (марқұмның ағасы) әлденеше рет шағымданғаннан кейін Ақтөбе өңіраралық сот сараптамалар орталығында тағы бір комиссиялық сараптама жүргізуге үлкен қиындықпен қол жеткізді. Бірақ екінші сараптама қорытындысының да біріншіден аса айырмашылығы болмады.

«Бұл сараптамалардың қорытындысы қате және олай айтуға негіз бар, - дейді адвокат А.Қосымбаев. – Бірақ күтпеген жерден полиция департаментінің тергеушісі ҚҰСПАНОВТЫҢ істі қысқартқанын білдім. Қараша айында істің қыркүйекте жабылғаны белгілі болды».

«АЖ» редакциясының сауалына Атырау облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша енді тергеу жүргізілмейтінін ресми түрде растады.

«Іс аясында барлық қажетті жедел-іздестіру шаралары мен тиісті сот-медициналық сараптамалар жүргізілді. Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық істі қысқарту туралы процессуалдық шешім (қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты) шығарылып, оны қадағалаушы прокурор бекітті», — делінген Тергеу басқармасының басшысы Мұхтар БЕКТҰРҒАНОВТЫҢ хатында. 

Адвокаттың айтуынша, тергеуші ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің нормаларын бұзған: ол тергеу әрекеттерінің тоқтатылғаны туралы жазбаша түрде және уақтылы хабарламаған, оны іс материалдарымен таныстырмаған және оны өтініш беру мүмкіндігінен айырған.

«Биылдың өзінде, жақында қала прокуроры Руслан АЙТИМОВТЫҢ қабылдауында болдық. Ол шара қолдануды тапсырды. Осыдан кейін, неге екені белгісіз, прокуратурадан жазған арызымыз қалалық ішкі істер басқармасына, одан облыстық департаментке жолданды. Олар сырғытпа жауап берумен келеді және әлі ештеңе шешкен жоқ!» – дейді адвокат наразы болып.

Сонда заңның орындалуына не кедергі болып отыр? Жасыратын ештеңе болмаса, әрине... 

Лев ГУЗИКОВ

27 қаңтар, 13:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16