АҚШ Президенті Джозеф Байден Калифорниядағы орман өртіне «федералды ауқымдағы толық шараларды басқаруға» көңіл бөлу үшін жоспарланған Италия сапарынан бас тартты, деп жазады Kazinform.
Бұл туралы Ақ үйдің ресми өкілі сәрсенбі кешінде жарияланған мәлімдемесінде хабарлады.
Сол күні Джозеф Байден Калифорнияда ірі апат жағдайын жариялауды мақұлдап, штат, тайпалық және жергілікті биліктің орман өрті мен қатты желден зардап шеккен аудандарды қалпына келтіру шараларына қосымша федералды көмек көрсетуге бұйрық берді.
Ақ үйдің мәлімдемесінде көмек уақытша баспана мен үйлерді жөндеуге гранттар, сақтандырылмаған мүлік шығындарын өтеуге арзан несие және апат салдарынан зардап шеккен жеке тұлғалар мен бизнес иелеріне көмектесуге арналған басқа да бағдарламаларды қамтуы мүмкін екені айтылған.
— Біз өртті тоқтату және қалпына келтіру үшін қажет нәрсенің бәрін жасауға дайынбыз. Бірақ бұл өте ұзақ жол болатынын білеміз, — деп жазды Джозеф Байден X әлеуметтік желісінде.
Калифорнияның ең тығыз қоныстанған округі — Лос-Анджелесте бірнеше ірі орман өрті болып, жергілікті биліктің хабарлауынша, кемінде бес адамның өмірін қиып, 1100 ғимаратқа зақым келтірді. Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом сейсенбіде төтенше жағдай жариялады. Өрттің жылдам таралуына байланысты ондаған мың адам эвакуациялануға мәжбүр болды.
Байден Калифорнияда орман өртіне байланысты апатты жағдай жариялады.