Атырау облысында 2024 жылдың 1 қазаны мен 2025 жылдың 6 қаңтары аралығында ЖРВИ-дың 66 666 жағдайы тіркелді. Оның ішінде 42 мың 821 адам 14 жасқа дейінгі балалар болса, 1 жасқа дейінгі бала саны 1584, жүкті әйелдер арасында 505 жағдайы тіркелген.
Атырау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, дәл осы аралықта аймақта тұмаудың 68 дерегі тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында - 33, жүкті әйелдердің тұмауға шалдығуы - 25, 1 жасқа дейінгі сәбилер арасында 10 жағдай тіркелген.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы ауруханаларда ЖРВИ мен тұмауға қатысты ахуал тұрақты екенін мәлімдеді. Басқарманың мәліметінше, облыс тұрғындарына тұмауға қарсы 65 мың вакцина салынған. Қазіргі уақытта ауруханаларда қанша науқас тұмаумен және ЖРВИ-мен емделіп жатқаны жөнінде ақпарат қосымша толықтырылады.
Айта кетейік, Қытайда өршіген адам метапневмовирусы Қазақстанда да тарап, БҚО-да 2 жағдай тіркелді. Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасы аталған жаңа вирустың Атырау облысында тіркелмегенін, алдын алу шаралары жасалып жатқанын хабарлады.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті облыс тұрғындарынан тұмаудың алдын алудың негізгі ережелерін естен шығармау керктігін ескертеді.
Олар:
- адам көп жиналатын орындарда және қоғамдық көлікте болу уақытын мүмкіндігінше қысқарту;
- жабық үй-жайларда және адамдар көп жиналған орындарда бетперделік режим;
- тұмау белгілері бар адамдармен байланысты мүмкіндігінше шектеу;
- даладан және қоғамдық көліктен келгеннен кейін қолды мұқият жүйелі түрде жуу;
- даладан және қоғамдық көліктен келгеннен кейін мұрын қуысын тұзды сумен шаю;
- өзіңіз отырған үй-жайды жүйелі түрде желдету, ылғалды жинау;
- құрамында С витамині бар өнімдерді (мүкжидек (клюква), итбүлдірген, шиповник, қарақат, лимон және т.б.) тамаққа көбірек пайдалану;
- дәрігердің ұсынымы бойынша иммунитет көтеретін препараттарды пайдалану.
"АЖ" анықтамасы:
Метапневмовирус — көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда ЖРВИ және тұмау ауруларының маусымдық өршу кезеңінде белсенді айналымда болатын вирустардың бірі. Ол инфекциялардың басқа түрлерімен қатар негізінен ауа-тамшы жолымен таралады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ