Еске сала кетейік, Атырау қаласының бұрынғы әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВҚА үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы кесілді.
Үкім жарияланған кезде сот залында көп адам болды, бәріне орын болмай, кейбірі тұрып қатысты. Жаза жариялаған кезде залдағы ер адамдардың бірі: «Ұят!» деп айқайлады.
Оразбаевқа бұрын үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғаны белгілі. Сот шешімімен ол да пробациялық бақылауға алынады. Бұдан басқа, ол мемлекеттік наградалар мен «Құрмет» орденінен айырылды.
Оған жер телімдерін заңсыз берді және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптар тағылды. Тергеу мәліметі бойынша, қала әкімдігінің лауазымды тұлғалары 2020-2022 жылдар аралығында жеке құрылыс салу үшін рекреациялық орындарға (жасыл алаңдар, саябақтар, скверлер, жағалаулар) жататын жер телімдерін заңсыз берген.
ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағы негізінде Қайрат Оразбаев қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бас бостандығын шектеумен қатар, оның мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, ҚР Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, сондай-ақ квазимемлекеттік секторда лауазымдарды атқаруға құқығы жоқ.
ҚР Қылмыстық кодексінің 369-бабының 3-бөлігі бойынша кінәсіз деп танылып, қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталды.
Жаза мерзіміне 2023 жылғы 9 қарашадан 22 желтоқсанға дейін қамауда болған уақыт есептелді. Ал қамаудағы 1 күн бас бостандығын шектеудің 2 күніне тең.
Бұл іс бойынша жер қатынастары бөлімінің басшысы Наурызбек ҚҰМАРОВ пен сәулет бөлімінің басшысы Ерлан ҚАБДЕНОВ те кінәлі деп танылды.
Құмаров ҚР Қылмыстық кодексінің 361 және 369-баптары бойынша кінәлі деп танылып, 190-бап бойынша қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақталды. Ол алты жыл мерзім алып, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Қабденов 361-бап бойынша кінәлі деп танылып, оған бес жыл бас бостандығын шектеу, сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ал әкім аппаратының бұрынғы басшысы Жігер ИБАТОЛЛАҰЛЫН ҚК 361-бабының 4-бөлігінің 3-тармағында, 369-бабының 1-бөлігінде, 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстарды жасау бойынша сот кінәлі емес деп тауып, қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ақталды. Оған қатысты үйқамақ алынып тасталды.
Үш сотталушы - Оразбаев, Құмаров және Қабденов қазір пробациялық бақылауда.
Сот нақты шектеу шаралары бойынша міндеттер жүктеді - жүріс-тұрысына пробациялық бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органға хабарламай тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын немесе оқуын өзгертуге болмайды.
Оқуға немесе жұмысқа байланысты уақытты қоспағанда, облыстан тыс жерлерге шықпауға, тұрғылықты жерін жергілікті уақыт бойынша сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін шықпауға, алкогольді ішімдіктер сатылатын ойын-сауық орындарына, түнгі клубтарға бармауға міндеттелді.
Оразбаевтың, Құмаровтың және Қабденовтың тұрақты жұмыс орны болмаса, судья оларды жазасын өтеу мерзімінің барлық кезеңінде жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындарда қоғамдық жұмыстарға тартуды міндеттеді. Сот қоғамдық жұмыстарға тарту көлемін жыл сайын 100 сағатқа, бірақ күніне 4 сағаттан аспайтын етіп белгіледі.
Оразбаевқа, Құмаровқа және Қабденовке қатысты таңдалған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенге дейін басқа жаққа кетпеу және өзін лайықты ұстау туралы қолхатпен ауыстырылды.
Бас бостандығын шектеу түрiндегi жазаны өтеуден жалтарған жағдайда жазаның өтелмеген бөлiгi: бас бостандығын шектеудiң 1 тәулiгi бас бостандығынан айырудың 1 тәулігі есебімен ауыстырылады.
Сондай-ақ сот оларды есепке алу үшін үкім заңды күшіне енгеннен кейін 10 күн ішінде тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне келуге міндеттеді. Олардың тәртібін бақылау тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жүктеледі.
Сот Атырау қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің (жәбірленуші) 332 680 000 теңге мүліктік залалды өтеу туралы талаптарын негізді деп таныды. Азаматтық талапты қанағаттандыру құқығы залалдың нақты мөлшерін анықтау үшін азаматтық сот ісін жүргізуге берілуі тиіс.
Сот Атырау қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің 266 245 538 теңге мүліктік залалды өтеу туралы талаптарын қанағаттандырудан бас тартты.
Айнұр САПАРОВА