Құрманғазы ауданындағы Асан, Азғыр, Сүйіндік ауылдық округтерінде (Азғыр өңірі) мал азығына байланысты ақыры төтенше жағдай жарияланбады.
Жалпы облыстан 600 км шалғайда жатқан Азғыр өңіріне ТЖ жариялау мәселесі ала жаздай айтылып келе жатыр. Өйткені мал азығын дайындау қуаңшылыққа байланысты шаруа баққандардың қалтасын ойсыратып, бір орам шөп 15 мың теңгеге дейін қымбаттады. Қазанда аудандық әкімшіліктің жанынан құрылған комиссия ТЖ жариялау қажет деп таппады, себебі, шөпсіз қалып қуарып отырғандар жоқ екен.
- Қыс болса келіп қалды, шаруа баққан адамдар амал жоқ, бар қаржысын жепшөпке жұмсады. Фермерлер де қымбат жағармайды еселеп алып, мал азығын сатып немесе дайындап алды. Округ әкімдері жоспарланған мал азығының басым бөлігі дайындалды деп ақпар берумен шектелді. Мал азығы қаншаға қымбаттады, қанша шығын орын алды дегенді округ әкімдері де, комиссия мүшелері де зерделеген жоқ. Ал көршілес отырған Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы ТЖ жариялап жіберді, ал Азғырда оны қажет деп таппаған, - дейді зейнеткер, аудандық Мәслихаттың депутаты Мансұр ҚУАНЫШАЛИЕВ.
27 қарашада ауданнан тұщымды жауап ала алмаған бір топ фермер облыстық әкімдік ғимаратының алдына екі талаппен жиналды.
- Бізді облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ іссапарда болып, оның орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ қабылдады. Біз екі талабымызды айттық, Азғыр өңіріне ТЖ жариялау және ірі сабақты мал азығын дайындағандарға субсидия беру мәселесі. Сол жерде Бисембиев Азғыр өңіріне ТЖ жарияланатынын, ал желтоқсанның ортасынан бастап субсидия берілетінін айтты. Біз қуанып қалдық. Бірақ бұл айтқандары орындалмады, - дейді қапаланған азғырлық фермерлер.
10 қараша күні аудан әкімі Абат Жанғалиев Азғыр өңіріне іссапарға барып, ТЖ жариялау мәселесін комиссия мүшелерімен талқылап, қорытындысында тағы да ТЖ жариялауға негіз жоқ деп тапқан.
«АЖ» тілшісі ТЖ не себептен жарияланбады деген сұрақпен аудан әкіміннің ұялы телефонына соғып, жауап ала алмады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА