Бүгін Атырау қалалық №2 сотында жаз басталғанда «Дина» базарында соққы салдарынан қаза тапқан Амандық САҒЫНҒАЛИЕВТЫҢ өліміне қатысты сот үкімі шықты.
Мұхтар АХМЕДОВ кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқиға 5 маусым күні болған. Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылының тұрғыны базарға сауда жасау үшін келген. Ол «Газель» жүк көлігін тұраққа қойып жатып, жанында тұрған «Mercedes-Benz» маркалы көлігінің есігін байқамай сырып кетеді. Ашуға мінген көлік иесі Сағынғалиевты аяусыз соққыға жығады. Сағынғалиев облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізіліп, бес күннен соң, 10 маусымда есін жимастан көз жұмды. Оның жасы 56-да еді. Үш ұл, бір қыз әкесіз қалды.
Айыпталушы 39 жастағы Мұхтар Ахмедов те отбасылы - кәмелетке толмаған бес баласы бар, үлкені 17 жаста, ал кішісі небәрі 2 жаста. М.Ахмедов - «Ризық» шаруа қожалығының директоры.
Ол 6 маусымнан бері қамауда отыр. Сол күні базарда болған оқиғаның бәрі бейнекамераға жазылып қалған. Бұл видео әлеуметтік желіде тарап, жұртшылықтың наразылығын тудырды.
М.Ахмедовке ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі («Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша айып тағылды.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, сотталушы төбелеске қатысты өз кінәсін мойындады, бірақ сотталушыны өлтіру ниеті жоқ екенін түсіндіріп, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Ал ҚР ҚК-нің 106-бабының 3-бөлігінің санкциясымен 8 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде асырауында жас балалардың болуы ескерілді, деп хабарлады баспасөз қызметі.
Айнұр САПАРОВА