Соңғы оқиға 6 желтоқсанда Тұран көшесінде болды: көлік жүргізушісі 59 жастағы қала тұрғынын қағып өлтірді. Бұл қайғылы оқиға әлеуметтік желілерде: «жүргізуші кінәлі ме, әйелдің өзі ме, ауа райы ма, әлде Тұран көшесінде жарықтың жоқтығы ма?» деп, қызу талқыға түсті.
«АЖ» комментаторларының пікірінше, бұл оқиға жарықтың жоқтығынан және көктайғаққа қарсы шаралардың кешіктірілуі салдарынан орын алған болуы мүмкін. Жалпы, қала тұрғындарының пікірінше, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары қажетті инфрақұрылымның: жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі белгілер мен шамдардың болмауынан орын алады.
Жалпы, Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметі бойынша, осы жыл басынан бері Атырау қаласында жаяу жүргіншілер өткелінде 228 жол-көлік оқиғасы орын алған: 9 адам қаза тауып, 232 адам жарақат алған.
Полиция мәліметінше, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі С.Датов, М.Баймұханов, Бейбарыс сұлтан және Құрманғазы көшелерінің қиылысында тіркелген.
Алайда полиция департаменті жоғарыда аталған көшелердің қауіпті учаскелерінде бағдаршам да, жол белгілері де бар екенін алға тартады. Полицейлер жол апатына жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер ғана кінәлі екенін айтады.
Атырау қаласының әкімдігі біздің сауалымызға, қазіргі таңда С.Датов, М.Баймұханов, Бейбарыс сұлтан көшелері толығымен жарық жүргізілгенін хабарлады. Құрманғазы мен Тұранға келетін болсақ, ол жерлерде шынымен жарық жоқ. Жаяу жүргіншілер өткелінің үстінде қарапайым жарық та, арнайы жабдықталған жарық та орнатылмаған.
«Бұл мәселені шешу үшін 2025 жылы жаяу жүргіншілер өткелдеріне заманауи жарық орнату үшін жобалық-сметалық құжаттаманы (ЖСҚ) әзірлеу жоспарлануда», - делінген қалалық әкімдіктің жауабында.
Айтпақшы, көктайғақ туралы. Атырауда үш күннен бері жаңбыр араласқан қар жауып, жел соғып тұр. «Арнаулы автобаза» ЖШС өз жұмысы туралы әлі есеп бермесе де, тұрғындар жауапты компанияның тек облыстық және қалалық әкімдіктер маңында және оларға іргелес көшелерде ғана жұмыс жасап жатқанын айтады.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыстық аурухананың травмпунктіне 16 желтоқсанда 61 адам, 17 желтоқсанда 73 адам, 18 желтоқсанда 77 адам жүгінген. Олардың ішінде 13 адам ауруханаға жатқызылған.
Әзірге жарықтандыруға жобалық-сметалық құжаттама мен тротуар-жолдарға төгілген құм-тұздың есеп-қисабы әзірленгенше, абай болып жүріңіздер.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА