Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғындары, ерлі-зайыпты Асқар Толыбаев пен Алмагүл Қаленова «Қызық Times» жобасының жаңажылдық қалжың марапатына ие болды.
Жоба қазақстандықтардың талантын анықтап, оны дүйім жұртқа паш етуге бағытталған. Сертіне берік болған ерлік-зайыптылардың тасқын суында "қос аққудай қалқыған" бейнежазбасында пікір қалдырғандар да оларға жақсы тілек білдірді. Жақында Асқар мен Алмагүлге Алматыдан шақырту түсіп, «Қызық Премияның» бас жүлдесіне ие болыпты. Бас жүлдемен бірге Дубай қаласына жолдама берілген.
- Келсек үй, сарай бәрі суға кеткен, заттың бәрі қалқып жүр. Көргенде бүртүрлі болып қалады екенсің, бірақ есті тез жидық, көппен бірге көреміз, басымыз аман ғой дестік. Ер азаматпын ғой, әзілдеп қоямын, жұбайым ішек-сілесі қатып күледі. Құлап қалмайық деп бір-біріміздің қолымыздан ұстап алғанбыз. Жұбайым екеуміздің суды кешіп келе жатып, «34 жылдан кейін осылай қос аққудай болып жүзіп жүреміз деп кім ойлаған» деген бейнежазбамыз әлеуметтік желіде кең тарап кетіпті. Бір жағынан үй-күйінен айрылып, есеңгіреп қалған елге демеу болғымыз келгені рас, - дейді А.Толыбаев.
- Өмірде қиындықтың артында қуаныш та болады ғой. Осындай марапатқа ие боламыз деп кім ойлаған. Жұмысымыздан босатып, ұшақпен ұшып барып, қонақүйде болып, осы жүлдемен оралдық. Екеуміз де Теңіз қалашығында ауысымдық негізде жұмыс жасаймыз. Үйіміз орнына келді, күрделі жөндеуге жатады деп мемлекеттен қаржы бөліп, жөндеп кіріп алдық. Ал сарайымыз құлап қалған, оған да ақша берді, шүкірміз, - десті жұбайлар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сурет пен видео автордан