Индонезия астанасы Джакарта қаласында ересектер арасында өткен «Gamma World MMA Championship 2024» әлем чемпионатында Атырау облысы полиция департаментінің қызметкері Аида Хайруллина чемпион атанды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Додаға әлемнің 66 елінен 920 спортшы қатысқан. Тартысты турнирде Аида Хайруллина 72,6 келі салмақ дәрежесінде жоғары шеберлік көрсетіп, үш кездесуін де сәтті аяқтады.
Турнир барысында Камбоджа және Австралия спортшыларымен күш сынасып, шеберлігі мен физикалық дайындығының жоғары деңгейін дәлелдеді. Ол финалда Египет елінің спортшысын айқын басымдықпен жеңіп шыққан.
– Жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қызметімізбен қатар, спортта да табысқа жетуім – жаттықтырушыларымның, әріптестерімнің, отбасымның және елімнің қолдауының нәтижесі. Бұл алтын медаль – тек менің ғана емес, бүкіл Қазақстанның жеңісі. Алдағы уақытта да елімнің абыройын қорғауға бар күш-жігерімді саламын, – деді А.Хайруллина.