Екі жыл ішінде ҚТЖ темір жол станциялары мен разъездерде 300-ден астам тұрғын үй модулін орнатты. Олар магистральдің шалғай учаскелерінде жұмыс істеу кезінде теміржолшылардың тұруы мен демалуы үшін қолайлы жағдай жасады, деп хабарлайды ҚТЖ баспасөз қызметі.
Бұл санитарлық және тұрмыстық жағдайлары барлық заманауи талаптарға сәйкес келетін 4-тен 10 адамға дейінгі сыйымдылығы бар әртүрлі көлемдегі ғимараттар. Инженерлік коммуникациялар қосылған, ауа баптағыштармен және су жылытқыштармен жабдықталған, демалыс бөлмелері, асүйлер, душ және жуынатын бөлмелер, кептіру шкафтары бар. Жиһазбен, ыдыс-аяқпен және басқа да қажетті тұрмыстық заттармен жабдықталған.
Барлық өңір теміржолшылары қолайлы жағдайларды оң бағалады. Тек 2024 жылы 180-нен астам тұрғын үй модулі пайдалануға берілді.
Ең көбі климаттық жағдайлары қиын аудандарда орнатылды.Мысалы, Ақтөбе облысында модульдік ғимараттар 29 станция мен разъезде (Вавилино, Таксай, Ангаты, Гугня, Пепел, Жаркий, Сұлусай, Тузово, Хромтау, Никельтау және т. б.), Қарағанды облысында – 24 станцияда (Соқыр, Қарағанөзек, Ақадыр, Мойынты, Көктойбақ, Бүйрек, Сарықұм, Саяқ, Тоқырау, Тағынқара және т. б.). Ақмола, Қостанай, Семей, Қызылорда облыстарында 50 астам жайлы үйшіктер салынды. Атырау және Маңғыстау жол бөлімшелерінде 40-тан астам модуль пайдалануға берілді. (469рзд., 16 рзд., Бақсай, 15, Сазанкұрак, Сорша, Тоқсанбай, Санкібай, Үстірт, Маңғыстау, Қарақия, Курсай, Тұрыш және т.б.).
Демалыс пен еңбек етуге қолайлы жағдайлар теміржолшылардың өндірістік нәтижелері мен жалпы көңіл-күйіне оң әсер етуде. ҚТЖ желісінде заманауи модульдік үйлерді сатып алу және орнату жұмыстары жалғасуда.