Атырау, 18 желтоқсан 15:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

​«Бұл конденсат»: «Мұнайшы» бассейнінің басшылығы көрермендер орындығына аққан тамшыны түсіндірді

Бейнежазба
96 просмотра
Видеодан скриншот

14-16 желтоқсан аралығында Атырау қаласында су спортынан облыстық ашық біріншілік өтті. Жарыс кезінде әлеуметтік желіде «Мұнайшы» спорт кешеніндегі бассейн төбесінен – көрермендер отыратын орындарға су тамшылап тұрған видео пайда болды. Кадр сыртында: «Сыртта аяз, ал іште су тамшылап тұр» деген ер адамның даусы естіледі. 

«Ақ Жайық» «Спорттың су түрлері бойынша клубы» ЖШС директорының орынбасары Жалғас ӨТЕБАЛИЕВТЕН мән-жайды сұрап білді. Ол «төбедегі тамшылар шатырдан ағып жатқан жоқ, бұл температураның өзгеруіне байланысты түзілген конденсат» деп түсіндірді. 

– Қатты аяз кезінде спортшыларға қолайлы жағдай жасау үшін ағындық жылумен қамту қондырғыларын қостық. Жарыс күндері бассейндегі судың температурасы 28°, ауа температурасы 32° болды. Бұл терезелердің маңындағы суық жерлерде конденсаттың түзілуіне әкелді. Қазіргі уақытта қосымша ағындық қондырғылар өшірілді, ақау жойылды, бассейн қалыпты жұмыс істеп тұр, - деп жауап берді Өтебалиев. 

Ол сондай-ақ конденсат - судың буы суық беттермен жанасқанда тамшыларға айналатын табиғи процесс екенін атап өтті. Мәселе дер кезінде шешіліп, қосымша жылыту қондырғылары өшірілген. 

Ал бассейн шынымен жөндеуді қажет етеді, бірақ негізгі жұмыс 2025 жылға жоспарланған. Ж.Өтебалиевтің айтуынша, 2021 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген: шатыр ауыстырылып, бассейн жабдықтары жаңартылған. Дегенмен, сметаға кірмеген бірқатар жұмыс мүмкіндігінше жасалып жатыр және жаңа жылға дейін жалғасын табады. 

– Қызмет көрсету сапасын арттыруға және ғимараттың техникалық жағдайын сақтауға қатысты барлық жұмыс басшылықтың бақылауында. Біз апатты жағдайларды шұғыл шешеміз. Мысалы, үйірмеге арналған залдар орналасқан цоколды қабаттағы су құбырларында апаттар орын алып тұрады. Бұл мәселелерді шұғыл шешуге тура келеді, - деп түсіндірді директордың орынбасары. 

2025 жылға қосымша жөндеу жұмыстары жоспарланған, бұл бассейндегі жайлылық пен қызмет көрсету сапасын арттыруы тиіс. 

Айтпақшы, Атыраудағы жарысқа Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарынан командалар келді. Барлығы 500-ге жуық: жүзуден 350 және су добынан 120 спортшы қатысты.

Айнұр САПАРОВА

Бүгін, 12:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.