
Еске сала кетсек, Атырау тұрғыны 18 қазан күні жоғалып кеткен болатын. Полиция департаменті 23 қазанда таңертең қыздың өлтіріліп, денесі Жайыққа тасталғанын хабарлады. Нәтижесінде күдіктілер ұсталды - 24 және 25 жастағы екі ер адам кінәсін мойындады. Қала тұрғынының жоғалып кетуіне байланысты «Адам ұрлау» және «Адам өлтіру» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды.
22 қазанда өзенде және жағалау аймағында мәйіт болуы мүмкін жерде іздеу жұмыстары басталып, 5 желтоқсанда іздеу жұмыстары аяқталды. Атырау облысы ТЖД жаңа мәліметі бойынша 15 желтоқсанда іздеу жұмыстары қайта басталған.
Үйлестіру және бақылау мақсатында ҚР ТЖМ ТЖД бас маманы, азаматтық қорғау подполковнигі Дидар ҚАЖКЕНОВТІҢ және жергілікті департамент бастығының орынбасары, подполковник Ратбек ДЕМЕУБЕРГЕННІҢ жетекшілігімен іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Іздестіру жұмыстарына 36 құтқарушы, бір кинология тобы, алты техника, екі су көлігі мен ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған. Іздестіру шарасы аясында жағалаулар мұқият тексеріліп, Жайық өзенінің түбі сүзгіден өткізілуде. Сонымен қатар, түбін егжей-тегжейлі зерделеу үшін құтқарушылар суға сүңгіп, жаңғырық дыбысын қолданады. Іздеу орнына жоғалған қыздың анасы шақырылды.
Қыздың анасы Галина ЛЕГКОДИМОВАНЫҢ айтуынша, ол президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ атына хат жазған. Осыдан кейін іздеу жұмыстары қайта басталып, процесті қадағалауға ҚР ТЖМ басшылығы келген.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Атырау облысы ТЖД суреті