Мақат ауданында апатты үйлердің (алды 100 жыл бұрын салынған) санын және баспана кезегін азайту мақсатында жаңа үйлер көптеп салына бастады.
17 желтоқсанда аудан әкімі Азамат МАМБЕТОВ 24 отбасыға жаңа үйдің кілтін тапсырды. Жаңа қонысқа осал топтан 1, көп балалыдан 3, ал апатты үйде тұратын 20 отбасы ие болды.
Жаңа баспаналар Мақаттан және Доссордан салынған, әр үйдің көлемі 110 шаршы метр, құны 20 млн теңге. Екі пәтерлік бұл үйлерді жеке кәсіпкер Нұрболат ЖАЗЫЛБАЕВ, Самғат НӘПИШЕВ, Күләш ЖҰМАҒҰЛОВА, Лаура АҚМҰРЗИЕВА, тағы басқалар салып, аудан әкімдігі мемлекеттік бағдарлама бойынша сатып алған.
Аудандық сектор меңгерушісі Айдос АЙЖАРЫҚОВТЫҢ айтуынша, жыл басынан бері 118 адам жаңа пәтерге ие болған. 2025 жылы Мақат пен Доссордан екі 60 пәтерлік үй салынып, пайдалауға берілмекші.
Жалпы алғанда аудан бойынша апатты деп танылған 98 үй бар, оның 27-і Мақатта, 69-ы Доссорда, ал 2-уі Бәйгетөбеде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттер аудан әкімдігінен