Атырау, 18 желтоқсан 13:45
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

«1000 көшбасшы» жобасының жеңімпаздары конкурссыз директор бола алады

88 просмотра

Атырауда «білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылуда. Биыл жоба аясында көшбасшы атанған 6 мұғалім ешқандай конкурстық рәсімдерден өтпей директор және директор орынбасары лауазымдарына тағайындалған. 

Атырау облысы білім беру басқармасының мәліметінше, «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» пилоттық жобасы елімізде 2023 жылдың шілде айынан бастап іске қосылған. 

Бүгінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісімен білім берудегі өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу және даярлау жөніндегі жобаны жүзеге асыруда. Үміткерлер 8 ай бойы құзыреттілікті бағалау, үш деңгейлі оқыту, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтеді. 

"Резервке қабылданған жаңа буын басшылары кадр мәселесін шешуге өз үлесін қосады, сонымен қатар жаңа мектептерді, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді де басқаруға құзыретті болады", - дейді басқарманың баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова. 

- Биыл жобаның екінші кезеңіне мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында еңбек ететін педагогтерден 309 өтінім қабылданған. Тестілеу нәтижесі бойынша келесі кезеңге өткен үміткерлер педагогикалық шеберлік орталығында «Өзгеріс көшбасшылары: заманауи білім беру ұйымын басқаруға жаңа көзқарас» тақырыбы аясында оқыды. Іріктеудің барлық 5 кезеңінен өткен қатысушылар республикалық кадр резервіне алынды, – дейді Атырау облысы білім беру басқармасының педагог кадрларды аттестаттау және басқару бөлімінің басшысы Зульфия Магзумова.

Өңірде 2023 жылы резервтегі бір көшбасшы, 2024 жылы алты көшбасшы директор, директор орынбасарлары лауазымдарына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалған. Солардың бірі – Қайсар Нұртанов. Ол Атырау қаласындағы Ж.Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейінде жұмыс істеп жүріп, биыл «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасы бойынша ойдағыдай тағылымдамадан және әңгімелесуден өтіп, №21 Ж.Жабаев атындағы орта мектептің директоры болып тағайындалды.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Бүгін, 11:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.