
Атырау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, күрделі жөндеу жұмыстары Ғаббас Берғалиев көшесін қайта жөндеу жұмыстары кезінде бірге жүргізіледі.
- Қазір Ғ.Берғалиев көшесіне қайта жаңғырту жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттама жасақталып жатыр. Жоба аясында көпірге де күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары қарастырылған. Кайта жаңғырту жұмыстары Астрахань айналма жолынан басталып, айналма жол көпірі арқылы Огородный ықшамауданы тұсымен жүріп, әскери бөлімнің қасындағы бағдаршамнан аяқталады, - деп түсіндірді жол бөлімінің маманы Қуаныш ҚАБДЫҒАЛИ.
Айта кетейік 1995 жылы қолданысқа берілген көпірдің ұзындығы 294 метр, ені 9,7 метр. 2023 жылы көпірге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, жағдайы жақсы деп танылған. Ал биыл қарашада көпірдің беткі қабатында ақаулар пайда болып, арматуралары жолдың бетіне шығып кеткен болатын.
Осы жағдайдан кейін тұрғындар қаладағы басқа да автокөлік көпірлерінің жағдайына алаңдаушылық білдірді. Ал қалалық әкімдіктің мәліметінше, өзге көпірлердің техникалық жағдайы жақсы.
Жолдар бөлімінің ақпаратына сай, Атырау қаласында 9 автокөлік көпірі бар. Олар: Зейнолла Қабдолов көшесіндегі Элеватор теміржол үстіндегі көпір, Атырау-Орал жолындағы теміржол үстіндегі көпір, Тамаша сауда үйі қасындағы көпір. Сонымен қатар Жайық өзені арқылы өтетін Орталық көпір, Әлиев көпірі, Мечников көпірі, Айналма жол көпірі, Балықшы көпірі, Жилгородок көпірі.
Балықшы-Жұмыскер көпірі 2005-2008 жылдары аралығында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа берілді. Көпірдің ұзындығы 511,4 м, ені 18,1 м. 2016 жылы көпірге техникалық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, көпірдің беткі қабатындағы асфальт жаңартылды.
Мечников көпірі 2008-2010 жылдары аралығында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, қолданысқа берілді. Көпірдің ұзындығы 232,6 м, ені 18,1 м. 2023 жылы көпірге зерделеу жұмыстары жүргізілді, көпірдің жағдайы жақсы.
Тұрғын үй қалашығы көпірінің құрылысы 2008-2010 жылы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Көпірдің жалпы ұзындығы 246,6 м, жолдын ені 14 метр. Көпір қазіргі кезде жөндеуді қажет етпейді.
Әлиев-Сатыбалдиев көпірінің құрылысы 2007 жыл басталып, 2009 жыл аяқталған. Көпірді жалпы ұзындығы 231 м, жолдың ені16.9 метр.
Орталық көпір 1965 жылы салынған. Көпірдің ұзындығы 260,5 м, ені төрт жолақты көлік қозғалысына, яғни ені 14 м құрайды. Соңғы рет Орталық көпірге 1999 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
- 2016 жылы көпірге техникалық зерделеу жұмыстары жүргізіліп, техникалық есептің қорытындысына сәйкес көпірдің техникалық жағдайы қанағаттанарлықсыз болып бағаланып, көпірдің астында орналасқан жылу жүйелерінің құбырларын бөлек шығарып, қайта жаңғыртудан өткізу ұсынылған. Бүгінгі таңда, қала әкімдігі тарапынан аталған көпірге түбегейлі күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарға енгізілді, - деп жауап жауап берді Атырау қалалық жолдар бөлімінен.
Әкімдіктің мәліметінше, Атырау қаласындағы көпірлердің үстінде асфальтта пайда болған шұңқырларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Атырау қаласына жаңадан көпір салу жұмыстары әзірге жоспарда жоқ.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау +1