Атырау, 15 желтоқсан 18:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 522.49
€ 547.88
₽ 5.06

Ведомствоаралық комиссия Атырау облысындағы сыбайлас жемқорлыққа, жол-көлік оқиғаларына және көлеңкелі экономикаға қарсы күрес мәселелерін талқылады

242 просмотра

Аймақ басшысы Серік Шәпкеновтің төрағалығымен әкімдік жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Сыбайластық жемқорлыққа қарсы волонтерлік жоба аясындағы жұмыстар туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысы Ерұлан Серікқалиев баяндады. Оның айтуынша, жоба құрамында 88 ерікті бар. Олар мемлекеттік сатып алу саласына мониторинг жүргізіп, 400 млн теңге үнемдеуге қол жеткізді. Бұдан бөлек, басқа да тексерулер жүргізіп, кемшіліктерді анықтаған.

- Жыл басынан бері әлеуметтік және құрылыс нысандарына 32 мониторинг жүргізіліп, 900 млн. теңге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуының алдын алды,-деді Е.Серікқалиев.

Өз кезегінде Серік Шәпкенов жобаның маңызына тоқталып, мемлекет қаржысын талан-таражға салудың алдын алуға бағытталған жобаға қажетті қолдау көрсететінін айтты. Бұдан бөлек, еріктілердің біліктілігін арттыру керектігін ерекше атап өтті.

Жиында биыл өңірде болған жол-көлік оқиғалары мәселесі қаралды. Бұл туралы баяндаған облыс әкімі аппараты қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Лейла Бердіғалиева оқыс оқиғадан зардап шеккендер саны былтырғыдан 150,6%-ға өскенін айтты.

- Биыл 11 айда 812 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, одан 1213 адам зардап шеккен, 1123 жарақат алған, 91 адам қаза тапқан. Жол-көлік оқиғаларының жиі кездесетіні – жаяу жүргіншіні қағу (145) және бетпе-бет соқтығысу (180). Атырау қаласының Құрманғазы және Владимирский көшелерінде, сондай-ақ Нұрсая ықшамауданының көшелерінде жол қозғалысы ережелерін бұза отырып, жаяу жүргіншілерді қағу жиі кездесетіні анықталды. Зардап шеккен 1213 адамның 330-ы кәмелетке толмағандар, оның 9-ы қаза тауып, 321-і жарақат алған. Балалар ең көбі, яғни төрт бала жаяу жүргінші жолағынан қағылып, екі бала соқтығысу кезінде, ал қалған үшеуі әр түрлі жағдайда қаза тапты,-деді Л.Бердіғалиева.

Бұл ретте Серік Шәпкенов тас жолдағы қауіп-қатердің алдын алу үшін жасалған жұмыстарды атап өтіп, мұндай шараларды қалада көбейту қажетін айтты.

- Жол қауіпсіздігін қастамасыз ету мақсатында қажетті құрал-жабдық сатып алынды, сөйте тұра әлі күнге дейін статистика көңіл көншітпейді. Ең өкініштісі, құрбандардың басым көпшілігі - балалар. Осы комиссия аясында барлық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нақты ұсыныстар әзірлеу қажет. Талдауға және шешім қабылдауға қажетті ақпарат бар, енді оны тиімді пайдалану маңызды,-деп атап өтті облыс әкімі.

Күн тәртібінде қаралған үшінші мәселе - көлеңкелі экономиканы төмендету. Бұл туралы Атырау облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының м.а Балнұр Есенгелдинов баяндама жасады. Оның айтуынша, Атырау облысы көлеңкелі экономикасы ең жоғары үштіктің қатарында тұр.

- Көлеңкелі экономиканың биылғы қорытындысы келер жылдың қыркүйегінде жасалады. Былтырға жүргізілген детальды талдау нәтижесінде, аймақта 2021 жылмен (0,01%) және 2022 жылмен (0,09%) салыстырғанда көлеңкелі экономиканың айтарлықтай төмендеуі байқалды (0,29%). Ал ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы(0,01%) мен көтерме және бөлшек сауда саласында (0,02%) өсім байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы көлеңкелі экономиканың үлес салмағы 17,52%-ды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,26%-ға азайды,-деді Б.Есенгелдинов.

Бұл ретте облыс әкімі ведомстволық комиссияның жұмыс тобына көлеңкелі экономикада жүргендерді анықтап, шарасын алуды жүктеді.

Кеше, 23:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.