Ауған соғысы және ІІО ардагері, Атырау облыстық Ауған соғысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары отставкадағы полиция майоры Толыбай ШӘКІРОВ Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай мерейтой аясында жоспарланған марапаттардың орындалмауын сынға алды.
Атырау облысында 434 ауған соғысы ардагерінің ішінен тек екі адам ғана мемлекеттік наградаға ұсынылған. Алайда сол екі ардагерге де түсініксіз себептермен орден табысталмады. Бұл жағдай ардагерлердің наразылығын туғызды.
Сонымен қатар, 25 қазандағы Республика күнінде 8 атыраулыққа "Құрмет" ордені берілгенін атап өткен жөн. Ардагерлердің айтуынша, бұл марапаттардың ішінде ауған соғысына қатысқан ардагерлердің есімі болмаған.
Республика күні қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталған атыраулықтар мыналар: 1. Нұрқабыл Айтмұхамбетов – «Атырау облыстық балалар ауруханасы» КМК директоры.
2. Сәдірғали Әділов – еңбек ардагері.
3. Махш Гайсина – Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Музыка және өнер» кафедрасының доценті.
4. Галия Досалиева – «BRANDO» ЖШС бір реттік шприц зауытының бас инженері.
5. Балхан Досмұхамбетова – «Қазақстан Халық партиясы» ҚБ Атырау облыстық филиалының төрайымы. 6. Айжан Қарабаева – Қ. Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі КҚМК директоры.
7. Галия Кутаиева – «Құрманғазы аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК Кудряшов дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі практика дәрігері.
8. Нұрлыбек Хамитов – «ТөбеаралОйл» ЖШС директоры.
Сұрақтар ашық күйінде қалып отыр:
«Ауған соғысы ардагерлері неге назардан тыс қалды?»; «35 жылдық мерейтой аясындағы марапаттау жоспары неге орындалмады?»; «Неге ардагерлердің орнына басқа азаматтарға марапаттар берілді?».
Атап айтқанда, ардагерлер осы мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарын аудартуды көздеп отыр. "Біз әділдік орнауын талап етеміз," – дейді олар.
Атыраулық ауған соғысы ардагерлері Александр Михайлович Ковалев басқаратын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Үкімет басшылары кеңесі жанындағы Интернационалист-жауынгерлер ісі жөніндегі комитетке хат жолдады. Үндеуде олар қазіргі жағдайға көңілдері толмайтынын, өңір деңгейінде өтініштері жауапсыз қалып отырған жеткізді.
Ардагерлер облыс әкімінің қабылдауына кіру мүмкін еместігін, мәселені шешу айлап созылып кететініне шағымданады. Олардың айтуынша, президентке де тікелей шығу мүмкін емес.
Ардагерлердің негізгі өтініші - Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуының 35 жылдығына арналған мерекелік медальдарды тапсыруға көмек көрсетуге қатысты. Олар интернационалист-жауынгерлер ісі жөніндегі комитет бұл жағдайға ықпал етіп, әділдікке жетуге қол ұшын бере алады деп үміттенеді.
Айнұр САПАРОВА