Авто және теміржол вокзалдарына қарама-қарсы орналасқан тұрақтар сенімгерлік басқаруға беріліп, ақылы болуы мүмкін.
Бұрын хабарланғандай, қараша айында әкімдік вокзалға іргелес аумақтарды абаттандыруға кірісті. Жобада көлік тұрақтарын кеңейту, асфальт ауыстыру, жаңа шамдар орнату, шырша отырғызу және т.б. жұмыстар қарастырылды. Автовокзал маңындағы жұмыстар аяқталды.
Ал «АЖ» редакциясына белгілі болғандай, билік автотұрақтарды жеке қолға беруді жоспарлап отыр. Атырау қаласының әкімдігі редакция сауалына берген жауабында бұл ақпаратты растап, тұрақтар қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің теңгерімінде екенін және сенімгерлік басқаруға беру «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңында көзделгенін атап өтті.
«Сенімгерлік басқаруға берудің негізгі шарты – вокзалдың автотұрақтарын басқаруға, көлік құралдарын мемлекеттік нөмірі бойынша есепке алуға және нысандарды күтіп, ұстауға әлеуетті инвесторларды тарту. Бұл жұмысты ұйымдастыру үшін тұраққа кіру ақылы болуы мүмкін, - делінген қала әкімінің орынбасары Тілек МАХУОВТЫҢ жауабында. – Дегенмен, әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Сенімгерлік басқаруға беру ҚР Қаржы министрлігінің e-qazyna ресми сайтында жүзеге асырылады».
Бір айта кетерлігі, әкімдік 2010 жылы теміржол вокзалы маңындағы автотұрақты, 2012 жылы автовокзал тұрағын жеке қолға беріп қойған. Артынша Атырау облысы прокуратурасының араласуынан кейін жекеменшік «ЖШС-лармен» келісімшарт бұзылды. Себебі автотұрақтар ортақ пайдаланатын жер болып тұр.
Лев ГУЗИКОВ