Украина өз территориясы арқылы 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ресей газының транзитін тоқтатуға дайындалып жатыр. Бұл туралы елдің энергетика министрі Герман Галущенко айтты, деп жазады kz.kursiv.media.
Укрінформ басылымының ақпаратына сүйенсек, Берлинде өткен 7-ші неміс-украин бизнес-форумы кезінде Галущенко Ресей газының транзитін тоқтату мәселесін көтерді.
«Біздің ұстанымымыз толығымен ашық: 1 қаңтардан бастап транзитті толығымен тоқтатуға дайындалып жатырмыз. Бұған көптен бері дайындалып келеміз. Осы жылы транзит тоқтаған жағдайда газ жүйесі қалай жұмыс істейтіні туралы бірнеше стресс-тестер жасадық», – деді Галущенко.
Бұған дейін Ресей тарапы да транзитті тоқтату туралы мәлімдеме жасаған болатын. Қазан айында Кремль басшысы Владимир Путин келесі жылы Украина арқылы ресейлік газдың тасымалы тоқтауы мүмкін екенін айтты.
Қараша айында Reuters Газпромның 2025 жылға арналған ішкі жоспарына сілтеме жасай отырып, ресейліктер газды Еуропаға Украина арқылы транзитпен жеткізуді жоспарламайтынын білген. «Газпром» Украина арқылы транзиттің тоқтатылуына байланысты 2025 жылы шетелдерге газ экспортын 39 миллиард текше метрге дейін қысқартады деп күтеді.