Атырау облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту және балаларға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында ваучерлік қаржыландыру сервисі енгізілуде, -деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінде 5-11 сыныпта оқитын, осал топтағы отбасылардан шыққан, мектепте ыстық тамақ ішетін 6958 бала туралы мәлімет «Бизнес әмин» сервисіне енгізілуде. Енді олардың асханадан тамақ ішкені туралы ақпарат осы сервис арқылы расталады. Яғни, оқушы асханаға кірер кезде «Бизнес әмиян» қосымшасындағы QR кодын сканерлейді. Бұл жүйе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ата-аналарға баласының тамақ ішкенін немесе ішпегені туралы мәлімет алуға мүмкіндік береді. Тізімдегі барлық оқушы жыл соңына дейін «Бизнес әмиян» сервисіне қосылады, деді Атырау облыстық білім беру басқармасының өкілдері.
Сондай-ақ өңірде 1-11 сынып оқушылары үшін «Әлеуметтік әмиян» сервисі аясында Alaqan Mektep жүйесі іске қосылуда. Жүйе арқылы кез келген оқушы асхана кірер кезде алақанын арнайы құрылғыға сканерлейді. Бұл арқылы барлық ата-ана баласының тамақтанғаны туралы, ас мәзірі жайлы ақпаратты ала алады.
- Атырау облысында білім беруді цифрландыру мақсатында «Әлеуметтік әмиян» сервисі іске асуда. Alaqan Mektep жүйесі келер жылдың наурыз айына дейін 127 мектепте толықтай іске қосылады деп жоспарлануда, - деді білім басқармасының бас маманы Қадыржан Сапаров
Анықтама үшін: Қазіргі уақытта Атырау облысында 1-4 сынып оқитын 57 812 бала мектептен ыстық тамақ ішеді. Оған қоса 5-11 сыныпта білім алатын әлеуметтік осал топ санатынан шыққан 9947 бала тегін тамақпен қамтылып отыр.