Көліктегі полиция басқармасының мәліметінше, Атырау стансасындағы ЖПБ қызметкерлері жол қозғалысы немесе теміржол көлігін пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу фактісі бойынша (ҚР Қылмыстық кодексінің 344-бабының 1-бөлігі) тергеу жүргізіп жатыр.
«Өзге мәлімет ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес жария етуге жатпайды», - деп қосымша жауап берді ведомствоның баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, 7 желтоқсанда Атырау облысы Мақат ауданында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС ЖТ Атырау бөлімшесіне қарасты төрт вагон рельстен шығып кетіп, екеуі аударылып, соның салдарынан вагондағы түйіршіктелген күкірт жерге шашылды.
Күкірт тиелген вагондар Жылыой ауданы Құлсары теміржол станциясынан Алтынкөл станциясына дейін жеткізілуі тиіс болған. Қазір жауапты қызметкерлер вагондарды көтеріп, теміржолды қалпына келтіріп жатыр.
Атырау облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Ұлттық сараптама орталығының зертханасымен бірлесе отырып, радиациялық әсерге тексеріс жүргізді, кемшілік анықталған жоқ. Зардап шеккен адам жоқ, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жоқ.
Жүк иелеріне заң бұзушылықты жою, оның ішінде төгілген күкіртті жинау туралы ұйғарым берілді. «ҚТЖ» АҚ хабарлауынша, апат болған аймақта көлік қозғалысы қалпына келтірілді.
Айнұр САПАРОВА