Құрманғазы ауданы әкімдігінің берген ақпараты бойынша, киіктің қырылуына пастереллез ауруы себеп болды.
Жалпы даладағы киіктердің белгісіз аурудан өлгені қазан айында байқалған. Осыған байланысты далалық киіктердің ішкі ағзасы мен қаннан сынамалар алынып, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің "Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығы" ШЖҚ РМК-ның зерттеу орталығына жолданды. Сараптама қорытындысы бойынша өлген киіктерден пастереллез ауруы анықталды.
Құрманғазы ауданы әкімідігінің мәлімдеуінше, киік өлексесін жинау және залалсыздандыру жұмыстарын "Охотзоопром" ӨБ РМҚК ұйымдастырып отыр.
Қарашада екі рет рейд жүргізіліп, Сүйіндік және Азғыр округтері далалығынан 84 киіктің өлексесі жиналып, жойылған. Жануарлардың өлексесі табылған жерге дезинфекция жасалды.
Сүйіндік округі әкімдігі бүгінде ірі қараға пастереллез ауруына байланысты екпе жүргізіп жатырғанын хабарлады.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА