Атырау, 19 желтоқсан 00:00
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -5
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

​Атырау студенттері «Таза Қазақстан» акциясы аясында креативті жобаларын таныстырды

970 просмотра

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында креативті жобаларын ұсынды. Жас ғалымдар қоқыстан әшекей бұйымдар жасап, өндіріс қалдықтарын құрылыс материалына айналдырған. 

Атыраулық жастардың мақсаты – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экоакциясында айтылған табиғатқа қамқор болу, экомәдениетті қалыптастыру бастамаларын қолдау және еліміздегі экологиялық проблемаларды шешуге креативті идеялар ұсыну.

«Біз шыны қалдықтарын пайдалана отырып, эпоксидті шайырдан бұйымдар жасаймыз. Бұл жобада ластанудың алдын ала отырып, қоқысты өңдеу арқылы шағын және орта бизнесті де дамытуға да үлкен мүмкіндік бар екеніне көз жеткіздік. Болашақта дайын өнімдерімізді жергілікті нарыққа шығармақпыз. Университет бұл идеямызды қолдап, стартап жоба ретінде қаржы бөлді», – дейді жоба авторларының бірі, студент Ақмарал Сағынғалиева.

Экология кафедрасында оқитын студенттер БАҚ өкілдеріне арналған презентациясында 4 жобаны таныстырды. Онда биопластик жасау, күкірт қалдықтарынан бетон өндіру, темекі тұқылынан тас төсеніш құю және әйнек ұнтағынан тұрмысқа қажетті бұйымдар мен әшекей өндіру сынды жобаға айналған тың идеялар бар.

«Темекі қалдықтарын ешкім өңдемейді. Біз соларды жинап алып, құрылысқа қажетті бұйымдарды жасаймыз. Ол үшін бізге керегі тек темекі тұқылы, әйнек қалдықтары және топырақ. Ең жақсы нәтижеге жету үшін топырақты әртүрлі жерден аламыз. Темекі тұқылдарынан радиоактивті химиялық улы заттар бөлінетіндіктен, біз оларды пайдаға жаратып, бір жағынан еліміздің экологиясына өз үлесімізді қосып жатырмыз», – деді жоба авторларының бірі Мұрабек Сабидолла.

Биыл Х.Досмұхамедов университеті жалпыұлттық акцияға үнқосу үшін оқу орнында әр аптаның бейсенбі күндері «Таза бейсенбі» тазалық іс-шарасын өткізуді дәстүрге айналдырған. Оқу жылының көктемгі және күзгі маусымында ерікті студенттер Жайық өзені жағасынан, университет пен жатақхана ғимараттары орналасқан аумақтардан 3 тоннадан астам қоқысты жинап, табиғатты тазартқан. Бұл іс-шара алдағы уақытта жалғасын табады.


5 желтоқсан, 18:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.