Тбилисиде Грузия үкіметінің Еуропа Одағымен интеграция келіссөзін ысыра тұру туралы шешіміне наразы адамдардың қарсылық акциясы бесінші күн жалғасты, деп жазады Азаттық радиосы.
Парламент маңындағы алаң мен Тбилисидің бас көшесі – Руставели даңғылына жұрт көп жиналды. Полиция оларға жас ағызатын газ бен су шашып, таратуға тырысқан. Алайда наразылар тарқамай тұр.
Грузия ішкі істер министрлігі акцияға шыққандарды заң аясында наразылық білдіруге үндеді, әйтпесе полиция күш қолданады деп ескертті.
Түнге қарай полиция шеруде жүргендерді парламент алдындағы алаңнан ығыстырды. Адамдар Республика алаңына қарай ойысты. Демонстранттар арнайы жасаққа отшашу ұшырса, олар жауап ретінде газ шашты.
Үкіметке наразылық Тбилисиде ғана емес, Батуми, Кобулети, Озургети мен Грузияның басқа да қалаларында өтіп жатыр. 2 желтоқсанда наразылық акциясына мектеп оқушылары мен студенттер, педагогтар да қосылды. Елдің білім министрі оларды оқуға оралуға шақырған еді.