Атырау, 4 желтоқсан 13:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 523.17
€ 550.06
₽ 4.93

Грузияда Президент халықпен бірге Үкіметке қарсы шығып жатыр

328 просмотра
Сурет: Reuters

Оппозиция жағына елдің шетелдегі дипломаттары мен бірқатар министрліктердің және орталық банктің жүздеген қызметкері де шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Грузия астанасы Тбилисиде сенбі күні кешкісін мыңдаған демонстрант ЕО-ға қосылу туралы келіссөздерді тоқтатқан үкіметке наразылық білдіріп, парламент ғимаратының алдында баррикадалар тұрғызып, терезелерді сындырып, отшашулар атты. Полицейлер наразылық акциясына су шашатын және көзді жасаурататын газбен жауап берген.

Бұл шерулер – Еуропа Одағын қолдайтын оппозицияның Батыспен араздас билікке қарсы ұйымдастырған соңғы бір айдағы демонстрацияларының ең үлкені.

Қарсылық кезінде парламент ғимаратында фейерверктен шағын өрт шықты. Сонымен қатар, наразы жұрт Грузияның ең бай адамы, билеуші партияның негізін қалаушы Бидзина Иванишвилидің мүсінін парламент баспалдақтарында жағып жіберді.

Грузин ақпарат құралдары елдің түкпір-түкпіріндегі ауылдар мен қалаларда да митингтер өткенін хабарлап отыр.

Бұған дейін, яғни, сенбі күні премьер-министр Ираклий Кобахидзе Еуроодақты қолдайтын оппозицияны революция жоспарлап отыр деп айыптады. Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі болса, саяси партиялардың "үкіметті күшпен құлатуға" әрекеттеніп жатқанын мәлімдеген.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ең батысшыл мемлекеттердің біріне айналған, бірақ соңғы уақытта Мәскеудің орбитасына жақындай түскен ел бейсенбі күні биліктегі " Грузия арманы" партиясы Еуропалық Одаққа қосылу жөніндегі келіссөздерді 4 жылға тоқтататынын айтқаннан кейін дағдарысқа ұшырады.

ЕО-ға мүше болу идеясы Грузияда үлкен қолдауға ие. Кейбір деректерге қарағанда, бұл бағытқа халықтың 70-80 пайызы жақтас.  Одаққа кіру ұстанымы ел конституциясында да бекітілген.

Тбилисидегі ЕО мен Грузияның тулары ілінген парламент ғимаратының алдына жиналған шеруші Тина Купреишвили Грузияның ЕО-ға қосылу жөніндегі конституциялық міндеттемесін толық орындағанын қалайтынын айтады.

"Грузия халқы өз конституциясын қорғауға әрекеттеніп жатыр", - дейді ол Reuters агенттігіне берген сұқбатында.

Президент биліктен кетпек емес

Үкіметке қарсы және Еуроодаққа мүшелікті қолдайтын, бірақ өкілеттігі негізінен салтанатты сипатқа ие президент Саломе Зурабишвили келесі айда өкілеттігі аяқталғанда қызметінен кетпейтінін ескертіп отыр. Өйткені ол жаңа парламент заңсыз және оның келесі президентті таңдауға құқығы жоқ деп есептейді.

"Грузин арманы" 26 қазанда өткен сайлауда, оппозицияның нәтиже бұрмаланды деген уәжіне қарамастан, шамамен 54% дауыс жинады. Бұған қоса, билеуші партия да, Грузияның сайлау комиссиясы да сол сайлаудың еркін әрі әділ өткенін айтып отыр. Батыс елдері болса, бұл мәселеге қатысты тергеу жүргізуге шақырды.

Биліктегі партия елдің тыныштығын сақтауды насихаттап, оппозицияны Батыстың айтағымен Грузияны Ресеймен соғысуға итермелеп жатыр деп айыптады.

Дәлірек айтсақ, премьер-министр Кобахидзе ЕО-ға кіруді тоқтатуға қарсы шыққандарды 2014 жылы Украинада ресейшіл президентті биліктен кетірген Майдандағы наразылық шеруіне ұқсайтын көтеріліс ұйымдастырды деп кінәлап отыр.

"Кейбіреулер Грузияда сол сценарийдің қайталанғанын қалайды. Бірақ Грузияда Майдан болмайды", - дейді Кобахидзе.

Грузия ақпарат құралдары елдің АҚШ, Италия, Нидерланды және Литвадағы ең жоғары лауазымды дипломаттары Еуроодаққа өту туралы келіссөздердің тоқтатылуына наразылық ретінде отставкаға кеткенін хабарлады.

Сонымен қатар, 200-ден астам дипломат үкіметтің ұстанымын айыптаған ашық хат жариялады. Дәл осындайда хатқа Грузияның қорғаныс, әділет және білім министрліктері мен орталық банкінің жүздеген қызметкері де қол қойған.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, Тбилисидегі Руставели даңғылының бойында баррикадалар тұрғызып, тәртіп сақшыларына отшашулар лақтырған наразылық шарасы кезінде 107 адамды ұсталған. Полицейлер митингті тарату үшін су және көзден жас ағызатын газ қолданған.

Қауіпсіздік күштерінің демонстранттарды зорлықпен тұтқындағаны түсірілген кадрлар сенбі күні кеңінен тарады. Грузия омбудсмені полицияның шерушілерге қарсы "қатыгездігі" "мазасыздық туғызғанын" мәлімдесе, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Тбилисидегі жағдайға "қатты алаңдаушылық" білдірген.

Ірі бизнес, соның ішінде Лондонда тіркелген банктер – TBC Bank пен Грузия Банкі де елдің ЕО-ға кіруін қолдайтындарын жеткізді. Бұл аздай, республикадағы қуатты православие шіркеуі де наразылық шерулері кезіндегі зорлық-зомбылықты айыптап мәлімдеме жасады.

Футбол жұлдызының жанайқайы

ЕО грузин үкіметінің әрекеттеріне қатты өкінетінін мәлімдеді. Ал АҚШ Мемлекеттік департаменті ЕО-ға өту туралы келіссөздердің  тоқтауына жауап ретінде Грузиямен стратегиялық серіктестікті доғаратынын ескертіп отыр.

Италияның А сериясында "Наполи" сапында ойнайтын Грузия ұлттық футбол құрамасының жұлдызы Хвича Кварацхелия да демонстранттар жағында.

"Елім зардап шегіп жатыр - тарап жатқан бейнекадрлар жанды ауыртты. Зорлық-зомбылық пен агрессияны тоқтатыңдар! Грузия бүгін Еуропаға бұрынғыдан да лайық!" - дейді Кварацхелия сенбі күні Facebook  парақшасында жарияланған жазбасында.

Айта кетсек, ЕО-ға кіру процесінің тоқтатылуы "Грузин арманы" мен Батыс арасындағы қарым-қатынастың бірнеше ай бойы нашарлағанын білдіреді.

ЕО-ның мәлімдеуінше, Грузияның өтініші шетелден қаржы алатын топтардан "шетелдік агент" ретінде тіркелуді талап ететін заңдарға байланысты тоқтап қалған.

Грузия мен Ресей арасында 2008 жылғы қысқаша соғыстан бері дипломатиялық байланыс жоқ. Бірақ 2023 жылы екі жақ тікелей рейстерді қалпына келтірді. Мәскеу үстіміздегі жылдың басында Грузия азаматтарына қатысты визалық шектеулерді алып тастаған.

2 желтоқсан, 12:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.