Австралия 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына тыйым салмақшы. Ал бұл заңды бұзған технологиялық компаниялар 32,5 млн АҚШ доллары көлемінде айыппұл арқалауы мүмкін, деп хабарлайды Kursiv.media.
Аталмыш заң тек бір жылдан соң күшіне енеді. Шектеу енгізілетін платформалар қатарына ойын сайттары мен мессенджерлер, сондай-ақ тіркелуді қажет етпейтін қосымшалар кірмейді. Мәселен, YouTube сынды платформадарды жасөспірімдер тіркелмей-ақ көре алады.
Австралия премьер-министрі Энтони Албанезе бұл заң жастарды әлеуметтік желілерден келетін зиянды контент пен оның теріс әсерінен қорғау үшін қажет екенін айтқан. Албанеземен қатар бұл заңды ата-аналар тарапы да қолдап отырғаны айтылады. Десе де, кей сыншылар бұл заң жасөспірімдердің әлеуметтік өмірден оқшауланып қалуына әкелуі мүмкін деп топшылайды.
Бұл тыйымды айналып өтіп, әлеуметтік желіге тіркелген балаларға жаза қарастырылмайды. Алайда әлеуметтік желіге иелік ететін технологиялық компаниялар тыйымды бұзса, 50 млн австралиялық доллар көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. (АҚШ долларымен есептегенде 32,5 млн доллар).
Әзірге нақты қандай платформаларға тыйым салынатыны белгісіз. Бұл тізімді Австралияның Байланыс жөніндегі министрі Электрондық қауіпсіздік жөніндегі комиссармен бірлесе отырып әзірлейді.