28 қарашада Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық сотында пәтерді қасақана өртеу ісі бойынша сот шешімі шықты. Өрт кезінде кәмелетке толмаған екі бала оқиға орнында көз жұмған. Ал олардың анасы 90 пайыз күйікпен аурузанаға түсіп, сонда қаза болды.
Олардың өліміне кінәлі деп танылған Атырау облысы Индер ауданының тұрғыны 31 жастағы Саясат ОРАЗБЕКОВ өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Жаза мерзімі 25 сәуірден бастап есептеледі.
Ал жәбірленуші тарап өкілдері боп қатысып отырған марқұм әйелдің әке-шешесіне әрқайсысына 15 млн теңгеден моралдық зиян түрінде өтемақы өндіріледі және 6 млн теңгеден астам қаржы өртенген пәтер шығыны өтелуге жатады. Сотталушы оны екі айда өтеуі тиіс.
Сот отырысында қатысушыар эмоцияға ерік берді. Тараптар бір-бірімен сөзге келіп қалып жатты. Ал айыпталушы тарап өздерін фото-видеоға түсіруге қарсылығын білдірді. Бірнеше рет судьяға ғана емес, журналистерге де тіл тигізіп, қоқан-лоқы жасалды, дөрекілік көрсетілді.
Қайғылы оқиға биыл 25 сәуірде Индербор ауылында таңғы сағат 5:33 шамасында болған. Сотталушы Саясат Оразбеков екі қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерге терезе арқылы кіріп, бензин шашып, өрт қойған. Пәтерде болған төрт адамның өміріне қауіп төнді.
Өрт кезінде 10 жастағы ұл бала мен 7 жастағы қыз бала көз жұмды. Балалардың анасы, 30 жастағы Нұрайна САҒЫНТАЕВА ауыр жарақаттардан слң ауруханада қайтыс болды. Ал пәтерде болған әйелдің танысы терезеден секіріп, аман қалды.
Судья Зарема ХАМИДУЛЛИНА үкімді оқып болып, оның мән-жайын оқуға көшкенде сот отырысында сотталушының тарапынан бірнеше рет тәртіп бұзушылық орын алды. Судья осыған байланысты 10 минут үзіліс жариялады. Кейін сотталушының қорғаушысы сот процесіне қатысудан бас тартты. Сот отырысы қайта жалғасқан соң да сот залында судья жұмысына кедергі келтірмеу жөнінде қатысушыларға бірнеше рет ескерту берілді. Судья тараптарға сот үкімімен келіспеген жағдайда апелляциялық шағым беретінін түсіндірді. Бұдан соң сотта анықталған мән-жайларға егжей-тегжей тоқталды.
Сот материалдары анықтағандай, Саясат Оразбековтың іс-әрекеті алдын ала жоспарланғаны, бұл қадамға қызғаныш пен кек алу ниетімен барған. Ол марқұм Нұрайна Сағынтаевамен қарым-қатынасты тоқтатқаннан кейін бірнеше рет оны қорқытқан. Оқиғаға дейін бір ай бұрын - наурызда Саясат Оразбеков жәбірленушіге бензин шашып, өртеп жіберетінін айтып, қоқан-лоқы көрсеткен. Ол кезде марқұм әйел полицияға арызданған. Бірақ екеуінің татуласуына байланысты іс қысқартылған. 24 наурызда Оразбековтен жауап алу кезінде ашуға беріліп айтқанын растағаны да сотта айтылды.
Сотта тергеу барысында күдіктінің жанармай құю бекетінен 5 литр бензин сатып алғаны, оқиға орнына оны алып келгені бейнежазбалар арқылы дәлелденгені айтылды. Сондай-ақ, марқұм Нұрайна Сағынтаева өлер алдында дәрігерлер мен полицияға өзіне бензин шашып өртеген күдіктінің атын айтып кеткен. Судья осы айғаққа да басты назар аударды. Өрт болған пәтерден бензин қалдықтары табылған.
Судья сотталушы өзін психологиялық аффектіде болғаны дәлелденбеді деді. Себебі жанар жағармай бекетінен 5 литр бензин сатып алып, жолда оттық сұрап алып, пәтерге бұранда (отвертка) қалтасына салып апарғаны алдын ала жоспарланғанын, өзіне есеп бергенін көрсетті деді.
Сондай-ақ, судья сотталушы өз әрекетіне өкініш білдірмеді және кешірім сұрамады деді. Одан бөлек, төрт адамды өлтіруге оқталды деп, тағайындалған жазаны лайықты деп санағанын айтты.
Сот кезінде сотталушы да, туыстары да үкімге наразылығын білдірді. Сотталушы тараптың өрт кезінде пәтерде болған ер адам Данияр Баймұратов қылмыс жасады деген уәжі дәлелденбеген деді судья. Сотта марқұм әйелдің оқиға болардан бұрын екі күн бұрын танысқан және оқиға болатын күні марқұм әйелге өзіне қоқан-лоқы көрсетіп жүрген жігітпен сөйлесейін деп келген делінді. Саясат сот біткен соң журналистерге сұхбат беремін деп айтып үлгергені мынау: оның сөзінше, оның бұл іске қатысы жоқ, бір күн бұрын өртенген пәтерге барып кеткен. Тергеуші өзінен 30 млн теңге сұраған-мыс және тергеу өзін біржақты қарап тергеген. Оған дейін сот барысында журналистердің ашық сот отырысына қатысуына және видеоға түсіруге қарсылық білдіріп, бірнеше рет тіл тигізген. Ал оның айтқаны туралы комментарий алу үшін полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім ЕРДӘУЛЕТКЕ сауал жолдадық. Ол бұл полицияның құзыреті емес, ол мәселемен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі айналысады деп жауап берді.
Сот біткен соң жәбірленуші тарап пен журналистер жеке бас қауіпсіздігі мақсатында полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен сыртқа шығарылды.
Облыстық сот баспасөз қызметі таратқан хабарлама бойынша, сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптары, оқиға орнын тексеру хаттамалары, сараптама қорытындылары және бейнежазбалар арқылы толық дәлелденді.
Сотталушы аса қатігездікпен адам өлтіргені, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені және заңсыз басып кіргені үшін айыпты деп танылды.
Прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал айыпталушы өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды талап етті. Сараптама нәтижелері бойынша сотталушының психикалық денсаулығы қалыпты екені анықталды.
Сотталушының қорғаушысы оны ақтауды сұрағанымен, сот қылмыстың ауырлығын ескере отырып, әділ үкім шығарды деп мәлімдеді.
Айнұр САПАРОВА
Фото және видеоны түсірген автор