«Асыл-Агро» шаруа қожалығының мал сою пункті аумағында өлген малдан сібір жарасының табылуына байланысты 2024 жылдың 20 қарашасында шаруашылық аумағында карантин енгізілді.
Санитариялық шараларды күшейту және инфекция тарамау үшін сынамалар алынып, бақылау шаралары жүргізілді, деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің (СЭБД) мамандары мал сою орындарынан, ірі базарлар мен шағын сауда орындарынан 700-ден астам сынама алды.
Айта кетсек, ет өнімдерін сақтау және өткізу орындарынан (сөрелер); мал сойып, тасымалдау үшін пайдаланылатын жабдықтардан; сатуға шығарылған малдың етінен сынамалар алынды. Сондай-ақ бес қасапхана орналасқан жердің топырағынан, мал азығы мен онда тұрған малдардың биоматериалдарынан сынама алынды.
Бүгінге дейін 61 нысан зерттелді. Сібір жарасы бактериялары болуы мүмкін деп алған барлығы 700-ден астам сынаманың ешқайсысы расталмады. Жұмыс әлі де жалғасып жатыр.
Өңірге ауру ірі қара малдың жеткізілуіне жол бермеу үшін төрт полиция және ветеринариялық бақылау бекеті орнатылып, онда вакцина егілгенін растайтын құжаттар мен жануарлардың жағдайы тексеріліп, термометрия жасалады.
20-25 қараша аралығында малға қатысты қажетті құжаттың болмауына байланысты 838 бас ұсақ мал, 192 бас ірі қара және 16 жылқы тиеген 30 көлікті өткізуге тыйым салынды.
Осындай бақылау шаралары Атырау қаласының мал сою орындарына да енгізілген. Қажетті құжатсыз жануарларды тасымалдауға және союға қатаң тыйым салынды.
«Асыл-Агро» шаруа қожалығы аумағында инфекция ошағын жою және оның таралуына жол бермеу шаралары санитариялық-ветеринариялық нормаларды қатаң сақтай отырып жалғасуда. Ветеринариялық бақылау мамандары карантин енгізілген аймақта орналасқан малға толық вакцинациялауды аяқтады.
Өлген жануардың қасында болған 16 адам тұрақты динамикалық бақылауға алынды. Оларда аурудың белгілері жоқ.