QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының геологиялық барлау және перспективалық жобалар жөніндегі орынбасары Ұлан Бүркітов Атырауға жасаған жұмыс сапары барысында «GPC Investment» ЖШС күрделі құрылыс жөніндегі жаңа атқарушы директоры Мұғал Мақымғалиды таныстырды. Төраға орынбасары жобаның операциялық бақылауы катарлық компания басшылығына өтуіне байланысты UCC Holding (Power International Holding еншілес ұйымы) Мұғал Төрешұлының кандидатурасын ұсынғанын атап өтті.
«Біз Мұғал Төрешұлын QazaqGaz компаниялар тобының құрамында көргенімізге қуаныштымыз. Оның құрылыс саласындағы мол білімі Қашағандағы газ өңдеу зауыты жобасын іске асыруды жеделдететініне сенімдімін», – деді Ұлан Бүркітов.
Мұғал Мақымғалидың өнеркәсіптік кәсіпорындар құрылысы мен ірі инфрақұрылымдық жобаларды басқаруда 30 жылдан астам тәжірибесі бар. Бұған дейін ол Атырау мұнай өңдеу зауытында, сондай-ақ Аджип-ККО, «Норт Каспиан ПроКон Салюшнс» және SNC-Lavalin сияқты компанияларда негізгі қызметтерді атқарған. GPC Investment-ке тағайындалғанға дейін UCC Holding компаниясында басшылық қызметте жұмыс істеген.
Жұмыс барысында ол Атырау мұнай өңдеу зауытын кеңейту, «Болашақ» кешенді мұнай және газ өңдеу зауытын іске қосу және Теңіз кен орнындағы маңызды жобаларды, оның ішінде күрделі технологиялық желілерді сәтті жүзеге асырды. Сонымен қатар, Мұғал Мақымғали Швейцария бизнес мектебінде «Халықаралық мұнай және газ менеджменті» мамандығы бойынша Executive MBA бағдарламасын тәмамдаған.
Мұғал Мағымғали жаңа қызметінде газ өңдеу зауытының күрделі құрылысына жауапты болады.