Атырау, 27 қараша 11:28
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қазақстан ТЖМ мен NCOC өзара ынтымақтастық туралы уағдаластыққа қол жеткізді

74 просмотра

26 қарашада  Атырау облысында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс ӘРІНОВ, Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат НҰРТАЕВ және North Caspian Operating Company компаниясының басқарушы директоры Джанкарло Рую арасында үшжақты кездесу өтті.

 Кездесу барысында тараптар мұнай-газ саласы объектілерінің қауіпсіздігін күшейтуді, сондай-ақ авариялық жағдайларға ден қою мен алдын алудың жаңа әдістерін әзірлеуді және енгізуді талқылады. Қатысушылар ықтимал тәуекелдер мен қауіптерге жедел ден қою үшін ТЖМ мен NCOC арасындағы мұнай-газ саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі жақсарту қажеттігін атап өтті.

«Мұнай-газ саласының Қазақстан үшін маңыздылығын және ықтимал қауіп-қатерлерге жедел ден қою қажеттілігін ескере отырып, Мемлекет басшысының бастамасымен «Теңіз Жасағы» акционерлік қоғамы құрылды. Оның негізгі мақсаты – ұлттық  қауіпсіздікті нығайту және теңіздегі мұнай-газ инфрақұрылымын қорғау мен дамытуға қажетті ресурстарды, технологияларды басқарудың тиімді жүйесін құру», - деп ТЖМ басшысы аталмыш бастаманың ерекшелігін атады.

Шыңғыс Әрінов «Теңіз жасағын» құру теңіз мұнай-газ саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экологиялық тұрақтылықты қолдау және Каспий теңізіндегі Қазақстанның стратегиялық мүдделерін қорғау жөніндегі мемлекеттік саясаттың негізгі элементі болып табылатынын айтты. Сондай-ақ ұйым Каспий теңізінің қазақстандық секторында төтенше жағдайларға дайындықты қамтамасыз етуде және экологиялық тәуекелдерді барынша азайтуда орталық рөл атқаратынын атап өтті. 

 NCOC басқарушы директоры Джанкарло Рую компанияның Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп жұмыс атқаруға дайын екендігін айтты. Ол өз сөзінде қауіпсіздік мәселесі компания үшін негізгі басымдық болып табылатынын атап, осы саладағы нәтижелі ынтымақтастығы үшін Үкіметке алғысын білдірді.

 Кездесу қорытындысы бойынша Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнайды қауіпсіз өндіру мен тасымалдауды қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен қызмет туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Бүгін, 08:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.