Ол 25-қараша мен 10-желтоқсан аралығында өтеді.
Бұл туралы Атырау облысы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор-комиссия хатшысы Зәмзәгүл ЖАЛМУРЗИНА баспасөз мәслихатында мәлім етті.
З.Жалмурзинаның айтуынша, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықпен күрес - бұл құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, сонымен бірге қоғамның ортақ жауапкершілігі.
- Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көбіне әлсіз балалар мен әйелдер қауымы ұшырайды. Оған көбіне қызғаныш, маскүнемдік, бұзақылық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп болуда. Бұл акция зорлық-зомбылықтың алдын-алу бойынша жыл бойына жүргізілген жұмыстардың қорытындысы десек те болады. Осы 16 күн ішінде облыста тұрмыстық зомбылыққа қарсы қоғамдық лекциялар мен тренингтер ұйымдастырылады, - деп атап өтті ол.
Атырау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Райса АЙТЖАНОВАНЫҢ сөзінше, биыл маусым айынан бастап отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң күшейгелі тұрмыстық зомбылық бойынша шағым да азайған.
- Соңғы 10 айдың қорытындысымен 102 желісіне әйелдерге қатысты 3087 хабарлама тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда 1000 ға аз. Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы профилактикалық жұмыстардың алдын алу бойынша өткен жылдың соңында Мемлекет басшысы адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарын жарлықпен бекітті. Соған байланысты кейбір заңға енгізілген өзгерістер 2024 жылдың маусым айының 15-інен бастап заңды күшіне енді. Бұл жұмыс қылмыс санын азайтуға және әйелдер үшін қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік беріп отыр, - деді Р.Айтжанова.
Тұрмыстық зомбылық жасаған азаматтар бұған дейін 73 баптың 1 тармағымен яғни денсаулыққа қасақана жеңіл дәрежеде зиян келтіру бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып келсе, қазіргі кезде қылмыстық кодекстің 108 бап 2 бөлігімен жауапкершілік көзделген. Бұрын ескерту беріліп немесе өзара татуласуы негізінде шешіліп келсе, қазіргі уақытта түскен арыз сотқа жолданып, сот арқылы реттеледі. Ескерту беру мүлдем алынып тасталған.
- Биыл 108 баппен 108 тұлға жауапкершілікке тартылса, 109 баппен 493 тұлғаға қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 53 адам сот шешімімен 25 тәулікке қамалды, - деді Р.Айтжанова.
Одан бөлек әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлармен биыл 324 әйелге консультациялық көмек көрсетілген. Дағдарыс орталығы жыл басынан бері 96 адамды қабылдаса, оның 27-сі - әйел,
68-і бала.
- Бұл акция бүкіл қоғамның белсенді қатысуын талап етеді. Әр азамат зорлық-зомбылықты болдырмауға үлес қоса алады. Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз қиындыққа тап болса, арнайы қызметтерден көмек сұрауға қымсынбау қажет, - деді полиция өкілі.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ