Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 2024 жылғы 10 шілдедегі қайғылы оқиға, кәріз құдығына баланыңң түсіп кеуіне жол берген "Чебурашка" балабақшасының директоры мен тәрбиешіге қатысты көтерілген қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сотталушы С. 2023 жылғы 21 мамырда рұқсат құжаттарын алып, өз атына «Д» жеке кәсіпкерлігін тіркеп, квазимемлекеттік балабақшасын ашқан. Осы мақсатта 2023 жылғы 26 мамырда Атырау қаласы Құрсай ықшамауданынан екі қабатты ғимаратты жалға алған. Сол жылы 7 шілдеде Д. балабақша директорының бұйрығымен топ тәрбиешісі қызметіне жұмысқа қабылданды. 1 қарашада кәмелетке толмаған 2020 жылы туған М. тәрбиешісі Д. болған топқа қабылданды. Биылғы жылдың 10 шілдесінде кішкентай М. қараусыз қалдырылып, нәтижесінде кәріз құдығына құлап, қазаға ұшыраған.
Сотталушылар кінәларын толықтай мойындады. Олардың кінәсі оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, фотокестелермен, куәлардың айғақтарымен, беттестіру хаттамаларымен және басқа да іс материалдарымен дәлелденді.
Тараптардың позициясы
Прокурор сотталушыларға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жыл мерзiмге айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушылар және олардың қорғаушылары бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Сот шешімі
ҚК-тің 141-бабының 2-бөлігінің санкциясында белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 5 жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде:
С.-ның кінәсін толық көлемде мойындауы, отбасылық жағдайы, денсаулық жағдайы, тұрғылықты жерінен жағымды жағынан мінезделуі;
Д.-ның кінәсін толық көлемде мойындауы, асырауында кәмелетке толмаған балаларының болуы, тұрғылықты жерінен жағымды жағынан мінезделуі танылды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
Сотталушылар ҚК-тің 141-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оларға педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жыл мерзiмге айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ҚК-тің 63-бабын қолданумен жаза шартты түрде тағайындалып, белгіленген жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.