Атырау қаласындағы № 13 Дүйсенғали Байбосынов атындағы мектеп-гимназиясының 500-ге жуық бастауыш сынып оқушысы мен олардың ұстаздары күнделікті сабаққа ұлттық киім киюді дәстүрге айналдырған.
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алмаз ҚАБДЕШОВТЫҢ айтуынша, бұл үрдіс 2023-2024 оқу жылынан бастап жүзеге асқан: ата-аналар жиналысы кезінде олардың тарапынан сыныпта оқушылардың бірдей түсте ұлттық киіммен отыруын қалайтындарын айтып, ұсыныс тасталды. Мектеп әкімшілігі де қолдау білдірді.
Қазір мектепте 1000 оқушы болса соның 500 жуығы бір жылдан бері сабаққа күн сайын ұлттық киіммен келеді. Оқушылармен қоса мұғалімдердің де 75 пайызы бірдей дизайнмен кәжекей тіктіріп алды.
Бұл үрдіске орта буын оқушылары да қызығушылық танытып ұлттық киімді дәріптеушілер біртіндеп артып келеді. 5-6 сынып оқушыларының жартысы ұлттық нақыштағы киім киіп жүр. Ал бастауыш сынып оқушылары, әр сынып өздеріне ұнайтын түстерді таңдап, ұлттық дресс-кодты сақтап келеді.
- Ұлттық киімді дәріптеп, оны күнделікті кию - әрбір өскелең ұрпақтың парызы. Өйткені ұлттық киім халқымыздың тарихынан, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрінен, мәдениетінен сыр шертеді, - дейді А.Қабдешов.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ