Атырауда волейболды отырып ойнау спорт түрінен 20-25 қарашада өткен ҚР чемпионатының екінші кезеңінде өңір спортшылары жеңімпаз атанды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Атырау құрамасының 12 спортшысы ұлттық құрамада ойнайды. Олар биыл Парижде өткен паралимпиада ойындарында параволейболдан 5-ші орынды, Қытайда өткен клуб аралық Азия чемпионатында 1-ші орынды иеленген еді.
- Чемпионаттың I турында сегіз, II турында жеті команда арасынан үздік атандық. Додаға 16-65 жас аралығындағы 100-ге жуық спортшы қатысты. Бұл жеңіс үздіксіз дайындық пен үлкен еңбектің арқасы. Мақсатымыз биік шыңдарға шығып, аталған спорт түрін дамытып, еліміздің атын шығару. Бүгінде 2028 жылы Америкада өтетін паралимпиада ойындарына дайындықты бастадық, - деді параволейболдан ұлттық құраманың және облысымыздың бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов.
Спорттық сайыстың нәтижесінде 2-ші орын Қызылорда облысының құрамасына бұйырса, үздік үштікті Маңғыстау облысының параволейболшылары қорытындылады.
Анықтама үшін: Еліміздің 13 облысында параволейбол федерациясының филиалы бар. Атырау өңірінде бұл филиал 2002 жылдан бері жұмыс істейді.