Атырау, 25 қараша 13:33
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Монополистер маусымы

50 просмотра

2024 жылдың аяғында коммуналдық қызмет тарифтері өңірге және инфрақұрылымның жағдайына байланысты 15-тен 30 пайызға дейін көтеріледі, деп бір жыл бұрын Ұлттық экономика министрі Әлібек ҚУАНТЫРОВ мәлімдеген болатын.

«Барлық салада баға өседі: энергетика, газ, сумен жабдықтау, су тарту, жылу беру, бірақ бұл кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», - деді Қазақстанның бас экономисі.

Оның айтқаны енді орындалып жатыр.

«Биыл біздің департамент монополистердің 121 өтінішін қарады, - дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман ӨТЕГЕНОВ. -  Әлеуметтік маңызы бар нарық субъектілері бойынша департамент «Атырау Энергосату» ЖШС-нің энергиямен жабдықтау қызметтеріне қатысты хабарламаны қарады. Нәтижесінде сатылған электр энергиясының орташа бағасы электрмен жабдықтау қызметтеріне баға белгілеу тәртібіне сәйкес негізделген баға деңгейіне дейін биылғы 1 желтоқсанда жүзеге асыру белгіленіп, 25,14 теңгеден 31,71 теңгеге (ҚҚС-сыз) немесе 26%-ға өсірілді. Оның ішінде халық үшін – кВт/сағатына 10,56 теңгеден 16 теңгеге дейін немесе 52%-ға, заңды тұлғалар үшін – 33,65 теңгеден 40,2 теңгеге дейін немесе 19%-ға, бюджеттік мекемелер үшін – 46,61 теңгеден 59,66 теңгеге дейін немесе 28%-ға өсірілді.

Тарифтердің көтерілуінің негізгі себептері: бірыңғай сатып алушы "Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі есеп қаржы-есеп айырысу орталығы" ЖШС бағасының көтерілуі (электр энергиясын жеткізушілерге кепілдік беруді мақсатты қолдау ретінде); «Атырау Жарық» АҚ электр энергиясын жеткізу тарифін көтеруі; «Қазақстан темір жолы» ҰК-ға электр энергиясын беру тарифін көтеру; электр қуаты нарығындағы жүктемені көтеруге дайындықты қамтамасыз ету үшін бағаны көтеру; «KEGOC» АҚ қызметтеріне шекті тарифтер деңгейінің артуы; жабдықтау үстемеақысының көбеюі, ЖШС қызметкерлерінің жалақысының өсуі.

Оған қоса «Атырау жылу электр орталығы» АҚ жылу энергиясын өндіру және жеткізу бойынша қызметтердің тарифін бекітуге өтінім берді. Бұл бағаның көтерілуіне негізгі себеп ретінде қызмет түрлері бойынша жылумен жабдықтаушылардың номиналды жалақысының өсуі себеп болды, статистикалық мәліметтерге сәйкес, осы жылы 240-тан 277 мың теңгеге немесе 15%-ға өсті.

Осы мәліметтердің негізінде департамент 2,4%-ға өсіммен, яғни бір гигакалорияға 12 мың теңге деп тариф бекітті, оның ішінде: халық үшін – 5 929,27 теңге немесе 3%, басқа тұтынушылар үшін – 18 797,06 теңге, бюджеттік ұйымдар үшін – 53 294,27 теңге немесе 22,23%.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Атырау филиалы үшін де биыл 1 қарашадан бастап тариф өзгертілді. Салалық тарифтердің көтерілуінің негізгі себебі орташа айлық номиналды жалақының өсуі және стратегиялық тауарлар құнының өзгеруі (стандартты шығындар). Осылайша, QazaqGaz Aimaq Атырау филиалы тауарлық газды тасымалдау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтердің тарифін бекітті - әрбір мың текше метріне 1266,55 теңге немесе 10%. QazaqGaz Aimaq биыл 15 қазанда енгізген тауарлық газды бөлшек саудада өткізу қызметінің бағасына келісті: халық 8 473,77 теңге төлейді, бұл қолданыстағы тарифтен 3,5%-ға көтеріледі; бюджеттік ұйымдарға – 20 920,24 теңге, бұл қолданыстағы тариф деңгейінде сақталып тұр, басқа заңды тұлғалар 1000 текше метріне 18 001,49 теңге төлейді, бұл да қолданыстағы тариф деңгейінде қалып отыр.

«Магистральный водовод» ЖШС-нің «Құрманғазы-Ақтау» магистральдық су құбыры арқылы су беру қызметіне орташа тарифі ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап текше метріне 683,75 теңгеден 892,70 теңгеге дейін өсті. «Жылыойгаз» ЖШС тауарлық газдың тек өнеркәсіптік кәсіпорындарға арналған бөлшек саудадағы бағасы 1 қарашадан бастап мың текше метріне 24 935,89 теңгеден 26 950,12 теңгеге дейін өсті.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Бүгін, 09:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.