Атырау облысының Қызылқоға аудандық сотында мал ұрлады деп айыпталған Қ.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Аудандық сот хабарлағандай, сотталушы Қ. өзінің шаруа қожалығының аумағында бөтен сиыр жайылып жүргенін көреді. Сиырлардың басқа тұлғалардың меншігіндегі мал екенін біле тұра, пайдакорлық ниетпен, бөтеннің малын бірнеше рет жасырын жымқырып, оларды сатып, түскен ақшаны өз қалауы бойынша жұмсаған. Оның құқыққа қарсы әрекеттері нәтижесінде 13 жәбірленушіге 7 млн теңгедей материалдық шығын келтірілген.
Сотталушының кінәсі өзінің және жәбірленушілердің жауаптарымен, қылмыстық іс материалдарымен өз дәлелін тапты. Сотталушы Қ. қылмыс жасаған кезде бұрын ұрлық жасағаны үшін пробациялық бақылауда жүрген. Прокурор сотталушыға мүлкін тәркілеусіз 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. ҚК-тің 60-бабының 1-бөлігі негізінде, бұрынғы үкім бойынша жазасының өтелмеген бөлігі ішінара қосылып, жаза мерзімі 7 жылды құрады.
Жәбірленушілердің бірқатары қатаң жаза тағайындауды сұрады, қалғандары жаза тағайындау мәселесін соттың құзырына қалдырды, деді аудандық соттан.
ҚК-тің 188-1-бабы 3-бөлігі 1- тармағының санкциясында мүлкi тәркiленiп, 5 жылдан 10 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Алайда сотталушының кінәсін мойындап, шынайы өкінуі, жас балаларының болуы - жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде танылған.
Сотталушының төтенше жағдай кезінде қылмыстық құқықбұзушылық жасауы - жазаны ауырлататын мән-жай ретінде танылды. Сот үкімімен Қ. ҚК-тің 188-1-бабы 3-бөлігі 1- тармағымен кінәлі деп танылып, оған ҚК-нің 60-бабының 1-бөлігі негізінде түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, деп нақтылады аудандық сот.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ