Атырау, 22 желтоқсан 13:17
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

​Астанада Нұрлан Балғымбаев атындағы көше пайда болды

Сурет Бейнежазба
913 просмотра

Елордада мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаев атындағы көше пайда болды. Бүгін аталған көшенің және осы көше бойына орнатылған ескерткіш-тақтаның ашылуы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің, Энергетика министрлігінің өкілдері, мұнай-газ саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және көрнекті тұлғаның отбасы мен туған туыстары қатысты.

Астана әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған сурет

Аталған көше елорданың Есіл ауданында орналасқан. Ұзындығы – 1100 м. Түркістан көшесінен басталып, Ұлы дала даңғылында аяқталады.

Көшенің ашылуында алғашқы болып сөз алған Энергетика министрінің орынбасары Әлібек Жамауов Нұрлан Балғымбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан орасан зор үлесін атап өтті. Мұнай-газ саласының маманы ретінде жергілікті кадрларды даярлау, заманауи технологияларды енгізу арқылы мұнай-газ кен орындарын барлау, игеру, көптеген кәсіпорын ашу сияқты мұнай саласының өрлеуіне бағытталған қыруар жұмыс атқарғанын айтты.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мерекелік іс-шараға қатысып, сөз сөйледі.

«Бүгін – шаһарымыздың қоғамдық-саяси өмірінде айтулы күн. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елорда көшесіне тарихи тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаевтың есімі беріліп отыр. Бұл көше қала тұрғындары мен қонақтары көп жүретін орталықта орналасқан.
Нұрлан Өтепұлы Тәуелсіз Қазақстан тарихында қажырлы еңбек атқарған салиқалы саясаткер, мемлекетшіл тұлға еді. Әсіресе ел Үкіметін басқарған кезде көптеген игі реформаларды қолға алып, жұмысты жақсартуға көп үлес қосты. Ал мұнай-газ саласына жетекшілік еткен жылдары елдің инвестициялық әлеуетін көтеріп, салаға тың серпін берді. Ол саналы ғұмырын ел игілігіне, мұнай-газ саласын дамытуға арнап, абыроймен ғұмыр кешті. Өмірінің біраз бөлігін елордада өткізді. Осы қалада жүріп, маңызды шешімдер қабылдады. Атқарған көп ісі тәуелсіз ел тарихына алтын әріппен жазылғаны сөзсіз. Елге қызмет еткен қайраткерлерді ұлықтау, жас ұрпаққа насихаттау – қажет іс. Осы арқылы мықты азаматтар буынын тәрбиелей аламыз. Нұрлан Өтепұлының есімі ешқашан ұмытылмайды деп сеніммен айта аламын», - деді Есет Байкен.

Нұрлан Балғымбаев 1947 жылы 20 қарашада Атырауда дүниеге келген.

Еңбек жолын Атырау (қазіргі Маңғыстау облысының Құрық кентінде бұрғылаушының көмекшісі (1964) болып бастаған.

1973–1977 жылдары “Маңғышлақмұнай” бірлестігінде жерасты жөндеу операторы, мұнай шығару жөніндегі оператор, скважиналарды жерасты жөндеу шебері.

1977–1992 жылдары Атырау облысындағы Аққыстау өндірістік қызмет көрсету базасы бастығының орынбасары, “Ембімұнай”, “Ақтөбемұнай” бірлестіктерінің бас инженері, КСРО Мұнай және газ өнеркәсібі министрігінің Бас басқармаларында бастықтың орынбасары қызметтерін атқарды. Одан кейін АҚШ-тың Массачуссетс университетінде оқып, мұнай өндірісінің әлемдік озық тәжірибелерін іс жүзінде меңгеру үшін “Шеврон” компаниясында жұмыс істеді.

1994–1997 жылдары ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрі, “Қазақойл” ұлттық мұнай-газ компаниясының президенті болды.

1997–1999 жылдары Қазақстан премьер-министрі ретінде қызметін атқарды.

1999 жылдан "Қазақойл" ұлттық мұнай компаниясының президенті, Қазақстан үкіметінің мүшесі.

2002 жылдан ол — «Қазақстандық мұнай инвестициялық компаниясы» АҚ президенті.

2007 жылдан — Қазақстан президентінің кеңесшісі, Каспий теңізі ресурстарын пайдалану мәселелері жөніндегі Қазақстанның арнайы екілі.

2009 жылғы желтоқсаннан бері — «ҚазМұнайГаз» салынып жатқан кәсіпорындарының әкімшілігі» ЖШС бас директоры.

2015 жылғы 14 қазанда Балғымбаев 68 жасында Атырауда қатерлі ісік ауруынан қайтыс болды.

21 қараша, 13:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.