Атырау, 20 желтоқсан 23:55
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

ҚазМұнайГаз ​​Өзенмұнайгаз компаниясындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады​

860 просмотра

ҚазМұнайГаз Өзенмұнайгаз компаниясындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі. 

"ҚазМұнайГаз Жаңаөзендегі жағдайды жіті бақылап отыр және бұдан бұрын «Өзенмұнайгаз» компаниясына қарасты Бұрғылау жұмыстары басқармасы жұмысшыларының әр талабы бойынша нақты түсініктеме берген болатын.

Бірінші күндері рұқсатсыз акцияға 1 700 адам қатысқан. Бірақ түсіндіру іс-шараларынан кейін жұмысшылардың басым бөлігі жұмыс орындарына оралды. Бүгінде 281 жұмысшы жалған ақпаратқа негізделген талап қойып, жұмысқа шығудан бас тартып отыр. 

2021 жылдан бастап және биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша Өзенмұнайгазға 1978 адам жұмысқа қабылданып, соның 199-ы Бұрғылау жұмыстары басқармасына орналасты.     

Жалпы, компанияда жақсы жағдай жасалған, бір қызметкерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау мөлшері — ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Өзенмұнайгаздың қазіргі ұжымдық шарты биыл 25 сәуірде ӨМГ мен үш кәсіподақ арасында қабылданып, әлеуметтік қолдау сомасы тағы шамамен 9 млрд теңгеге ұлғайтылды. Сонымен қатар ӨМГ жұмысшыларының жалақысына жыл сайын индексация жүргізіледі. 2022 жылы қызметкерлердің жалақысы 30%-ға, 2023 жылы 9,5%-ға, биыл 8%-ға көтерілді.  

Ұжымдық шартта әлеуметтік қолдаудың 40-тан астам түрі көзделген: мемлекеттік, ұлттық және кәсіби мерекелерге арналған сыйақы, баспана сатып алу мен кеңейтуге жеңілдікпен несие беру, медициналық қызмет көрсету, жыл сайын шипажайларға 2500 жолдама бөлінеді, ӨМГ қызметкерлерінің шамамен 4500 баласы балалар-сауықтыру лагеріне жіберіледі, ай сайын балабақша ақысы өтеледі, қызметкерлер балаларының оқу үлгеріміне қарай жоғары оқу орындарында оқыту үшін қаражат көзделген. Сондай-ақ неке қию кезінде және басқа да жеңілдіктер қарастырылған. 

Айта кетсек, бүгінде Өзенмұнайгаз өндіру жоспарынан қалып келе жатыр. Жоспарлы көрсеткіштердің орындалмауы компанияның қаржылық жағдайына әсер ететін болады. Осыған байланысты, бұрғылау жұмыстары басқармасының мамандарын жұмысқа шығуға шақырамыз. Сондай-ақ, ел заңдарын сақтау қажет екенін еске саламыз.

Талап қойылған күннен бастап бұрғылау жұмыстары басқармасының жұмысшыларымен Өзенмұнайгаз басшылығы келіссөз жүргізіп жатыр", - делінген мәлімдемеде. 

19 қараша, 17:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.