Атырау, 24 желтоқсан 05:52
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.72
€ 544.09
₽ 5.20

Ресейдің жаңарған ядролық доктринасын бекітілді

392 просмотра

Ресей президенті Владимир Путин "Ресей Федерациясының ядролық тежеу саласындағы мемлекеттік саясаты негіздерін бекіту туралы" жарлыққа қол қойды. Жарлық 19 қарашада құқықтық ақпарат порталында жарияланып, күшіне енді, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Жаңарған құжатта ядролық қару қолдану шарты көбейген және мұндай мүмкіндік "әуе-ғарыш құралдарымен шабуыл басталғаны туралы сенімді ақпарат" алған кезде және олар Ресей шекарасынан асатын болса қарастырылады. Олардың қатарында дрондар да бар.

Мәскеу енді ядролық қаруы жоқ кез келген елдің ядролық қаруы бар мемлекеттің қатысуымен я қолдауымен Ресейге қарсы агрессиясын "бірлескен шабуыл" деп қарастырмақ.

Бұған дейінгі доктринада Ресей ядролық қаруы бар ел шабуыл жасаған кезде ғана ядролық қарумен қарымта қайтарады деп жазылған еді.

Бұдан бөлек, Ресейге ядролық оқтұмсықтарсыз-ақ баллистикалық зымыран жіберу (ATACMS квазибаллистикалық қару деп саналады) ядролық қару қолдануға себеп болуы мүмкін. Тағы бір жаңа тармаққа сәйкес, Ресей Беларусь "егемендігіне қауіп төнген кезде" ядролық қару қолдана алады.

Путин 25 қыркүйекте қауіпсіздік кеңесі отырысында мемлекеттік ядролық доктринаға өзгерістер енгізуді ұсынған.

Ресей президенті бұл жарлыққа Байден әкімшілігі Украинаға Ресей аумағын АҚШ қаруымен атқылауға рұқсат берді деген хабар тарағаннан кейін екі күн өткен соң қол қойды.

The New York Times дереккөздерінің сөзінше, Украинаға алысқа жететін қарумен шабуыл жасауға рұқсат беру Ресейдің Солтүстік Корея әскерін соғысқа тарту туралы "тосын шешіміне" жауап ретінде қабылданған.

Ресей президенті Владимир Путин "Киев режиміне Батыс қаруымен Ресей жерін атуға рұқсат беру НАТО-ның қақтығысқа тікелей араласуға бел буғанын білдіреді" деп мәлімдеп, "Мәскеуге төнген қауіпке қарай шара қолданатын болады" деген.

Батыс басылымдары сұхбаттасқан адамдар Вашингтонның шешімі Украинадағы соғыс барысын түбегейлі өзгертуге мүмкіндік бермейді деп есептейді. Кейбір шенеунік бұл қадам Ресейді АҚШ пен одақтастарына қарсы соққы беруге итермелеуі мүмкін деп алаңдайды. Өзгелері мұндай қорқынышты "асыра сілтеу" деп санайды.

19 қараша, 17:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.