Құрманғазы ауданындағы Сафон және Жұмекен ауылында 48 орындық спорт кешеннің құрылысы басталды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ғимараттардың жалпы ауданы 1548,6 шаршы метрді құрайды. Екі қабатты нысанның ішінде спорт зал, санитарлық тораптармен жабдықталған жаттықтырушыларға, әйелдер мен ерлерге арналған киім ауыстыру бөлмесі бар. Сонымен қатар, жобада бас инжинер, күзетші кабинеті, техникалық-санитарлық бөлме мен медициналық көмек көрсету пункті қарастырылған.
- Қазір жер учаскесін дайындау жұмыстары аяқталып, іргетасы құйылып жатыр. Екі ауылға да 20 жұмысшы, 1 жүк тиегіш, 2 кран және 1 инефильтрлі сорғы техникасы жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде, - деді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов.
Жалпы аталған екі ауылда 6 мыңға жуық адам тұрады. Округтерде бұрын-соңды спорт кешені және стадион болмаған. Аудандық ішкі саясат, мәдениет тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мәліметінше, Жұмекен ауылында 827, Сафон ауылында 685 адам бұқаралық спортпен шұғылданады.
Айта кетейік, қазір аудандағы Сүйіндік және Еңбекші ауылында да спорттық нысанның құрылысы жүріп жатыр.