Атырау, 26 желтоқсан 17:44
 ашықВ Атырау -4
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Республикашылдар АҚШ сенатын бақылауына алды

398 просмотра

АҚШ-тағы сенат сайлауында Республикалық партия Огайо және Батыс Вирджиния штаттарындағы шешуші екі мандатты жеңіп алып, Конгресстің жоғарғы палатасын өз бақылауына алғанды. Ал төменгі палатаның тағдыры әлі шешіліп жатыр, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

5 қарашадағы дауыс беруде америкалықтар президентпен бірге Конгресс мүшелерін де сайлап жатыр. Осы күнге дейін екі палата екі партияның бақылауында болып, АҚШ саясатында поляризация күшейгенін көрсетіп келген еді.

Бұл сайлауға дейін 100 мандаттан тұратын сенатта демократтар 51 мандатпен басым күш саналған. Олардың арасында демократтарға жақын тәуелсіз сенаторлар да бар. Жоғарғы палатаны өзіне қарату үшін республикашылдарға қосымша екі мандатты жеңіп алу қажет болатын. Өйткені сенаттағы дауыс беру 50-50 болып тең аяқталса, шешуші дауыс вице-президентке бұйырады. Бұл – АҚШ вице-президентінің сирек қолданылатын құзыреті.

Қазір Өкілдер палатасында Республикалық партия болмашы басымдыққа ие. Оларда 220 мандат болса, демократтарда 213 мандат бар, үш мандаттың орны бос. Төменгі палатада басымдыққа ие болу үшін екі партияның біріне кемі 218 орын қажет. Өкілдер палатасының осы сайлаудағы тағдыры әлі анықталып жатыр.

Өкілдер палатасындағы 435 мандат түгелдей дауысқа салынып отыр. Ал сенатта 100 орынның тек үштен бірі ғана сайлауға түседі. Сенат әрбір екі жыл сайын үштен бірге жаңарады.

Жаңа сайланған заң шығарушылар қызметке алдағы жылдың басында кіріседі.

Егер қандай да бір партия екі палатаны да өз бақылауына алса, үлкен қуатқа ие болады. Олар президент қарсы партиядан болса, оған едәуір кедергі келтіре алады; егер президент партиялас болса, атқарушы билік заң шығарушы биліктің қолдауына ие болады. Ал егер екі партия палаталарды бөліп алса, үлкен шешімдерде саяси тығырыққа тіреліп, мәмілеге баруға мәжбүр болады.

Сенат сайлауында республикашылдар Батыс Вирджиниядағы шешуші дауыс беруде жеңіске жеткенге ұқсайды. АҚШ баспасөз құралдарының бейресми болжамдары сенаторлыққа таласқан губернатор Джим Джастис жеңді деп отыр. Ол осылайша зейнетке шыққан демократ Джо Манчиннің ізбасары атанды.

Манчин өте республикашыл саналған штаттан сайланған демократ еді. Бірақ кейін ол партиядан шығып, тәуелсіз саясаткерге айналды. Бірақ ол кокус жиындарын демократтармен бірге өткізе беретінін мәлімдеген. Тәуелсіз сенаторлар Берни Сандерс (Вермонт), Ангус Кинг (Мэн) және Кирстен Синема (Аризона) да сөйтеді.

Батыс Вирджиниядағы сенат сайлауында Джастис жеңіске жетеді деп болжағандар көп болған. Өйткені демократ вице-президент Камала Харриспен бақ сынасып жатқан республикашыл Дональд Трамп осы штатта үлкен қолдауға ие.

Ал Огайо штатындағы сенат сайлауында республикашыл кәсіпкер, Колумбиядан келген иммигрант Берни Морено жеңіске жетуге жақын. Ол осылайша мандаттың қазіргі иесі демократ Шеррод Браунды алмастырмақ. Президент сайлауында Трамп бұл штатта да жеңіп отыр.

Синема сайлауға қайта түспейтінін мәлімдеген соң Аризонадағы дауыс беруде ел назарында тұр. Ол жерде сенаторлыққа демократ Рубен Гальего мен Трамптың белсенді қолдаушысы, республикашыл Карри Лэйк таласып жатыр.

Өкілдер палатасын сайлауда демократияшыл штаттар Калифорния мен Нью-Йоркте тартысты бәсеке жүріп жатыр. Онда жекелеген республикашыл аудандар бар.

6 қараша, 15:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.