Атырау, 26 желтоқсан 19:51
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Атыраулық жас ақындарға шеберлік сағаттары ұйымдастырылуда

Сурет
745 просмотра

Атырауда жас айтыскерлер мен айтысқа қызығушылығы бар ынталы жастарға Қазақстанға танымал айтыскер ақындардың шеберлік сағаты ұйымдастырылуда. 

1-2 қараша күндері «Елсана» руханият орталығында республикаға белгілі ақын «Асыл домбыра» иегері Шынарбек Қабиев пен Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы термешілер одағы Атырау облыстық филиалының төрағасы, айтыскер ақын Шалқарбай Ізбасаров кезекті шеберлік сағатын өткізіп, жас ақындарға өз тәжіриебесімен бөлісті. 

Атырау облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен, «Жеті жарғы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шараға Атырау қаласындағы қырықтан астам жас ақын қатысты.

Шара барысында Шынарбек Қабиев  өзінің айтыста жүрген отыз жылдан астам тәжірибесінде кезіккен қиындықтары, бұрынғы айтыстар мен бүгінгі айтыстың айырмашылығы жөнінде айтып,  ақынға қажетті басты талап өнерге адалдық пен жанкештілік екенін атап өтті. Өз кезегінде Шалқарбай Ізбасаров қырғыздармен айтыстағы тәсілдерімен бөлісіп, жас ақындардың толғандырған сұрақтарына жауап берді.

- Қырғыздарда айтыс өнерінің шоқтығы биік екендігін жиналған көрерменнің көптігінен байқауға болады. Біздегі айтыстар тегін ұйымдастырылса, ол жақта айтысқа эстрада жұлдыздарының концертіне жиналғандай, алдыңғы орындардың билеті 10 мың теңгеден сатылады. Тіпті залға сыймай қалған көрермендер үшін министрлік далаға лэд экрандар мен көрермендерге сусындар ұйымдастырып береді. Ол жақта айтыс жылына бір-екі мәрте ұйымдастырылғандықтан, ақындарға уақыттан шектеу қойылмай, түнге дейін айтыса береді, - дейді Шалқарбай Ізбасаров.

Сондай-ақ, біздің елімізде де соңғы жылдары айтыс өнеріне көп көңіл бөлініп, жас ақындарды шыңдау үшін студенттер арасында жыл сайын тұрақты түрде «Күміс домбыра» жастар айтысы, мектеп оқушылары арасында «Қола домбыра» республикалық айтыстары ұйымдастырылып жатқанын атап өтті.  

Айта кетейік, бұған дейін мағыстаулық ақын Нұрлан Мұсаев атыраулық ақындармен тәжірибесімен бөліссе, 5 қараша күні үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов атыраулық жас ақындар мен ынталы жастарға шеберлік сағатын өткізеді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

5 қараша, 11:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.