Атырау, 26 желтоқсан 22:09
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Валенсия тұрғындары Испания короліне балшық лақтырды

483 просмотра

Валенсия провинциясындағы Пайпорта қаласының тұрғындары жойқын су тасқынынан зардап шеккен аймаққа барған Испания королі Филипп VI-ға балшық лақтырды. Испандықтар 200-ден астам адамның өмірін қиған табиғи апаттың қаупі туралы дер кезінде хабарламаған билікке осылайша наразылығын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Филипп VI Валенсияға әйелі, патшайым Летиция, премьер-министр Педро Санчес және басқа да ресми тұлғалармен келді.

Патша мен патшайым су тасқынынан зардап шеккен қалалардың бірі Пайпортуға сапарын тоқтатуға мәжбүр болды.Себебі наразылық білдірушілер оларға балшық және басқа заттар лақтырған. Бұл жағдай корольдің тұрғындармен сөйлесуге әрекет жасаған кезінде болған. 

AFP басылымының хабарлауынша, тұрғындардың наразыылығы негізінен премьер-министр Санчес пен Валенсия аймағының басшысы Карлос Масонға бағытталған. Король су тасқынынан зардап шеккен қала Чиваға  жоспарланған сапарын кейінге қалдырды.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Испания тарихындағы ең алапат су тасқыны 217 адамның өмірін қиды. Оның 60-тан астамы Пайпортта болды. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қаза болғандар саны әлі де өсуі мүмкін.

Валенсиядағы жаңбыр көпірлерді қиратып, көліктерді шайып, көшелерді балшықпен басып қалған. Көптеген қалалар жарықсыз, сусыз және азық-түліксіз қалды. Әсіресе Валенсия қаласының маңындағы елді мекендер қатты зардап шекті.

Филипп VI оққағарлары және полициямен бірге Пайпортаның жаяу жүргіншілерге арналған көшелерінің бірінде өтіп бара жатқанда, оны халық қоршап, оған "қанішер", "ұятсыз" деп айқайлаған. 

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, билік су басу қаупін дер кезінде ескертпей, табиғи апат кезінде баяу әрекет еткен. Көбісі құтқару операциясының дұрыс жүргізілмегенін айтты. Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне көмектесу үшін мыңдаған еріктілер барған. Билік өкілдері кәсіби құтқарушылардың зардап шеккен аудандарға жетуін жеңілдету үшін жолдардағы көлік қозғалысын шектеген.

"Көмектесіңізші! Гараждарда әлі де өлгендер бар. Көптеген отбасылар туыстары мен достарын іздеп жатыр. Біз тек көмек сұраймыз. Шаршап кеттік. Алдын ала ескерткенде қашып құтылар ма едік", – дейді наразылық акциясына қатысушылардың бірі.

Ал Валенсия билігі қолдан келгеннің бәрін жасағанын айтты.

3 қарашада федералды билік жойқын су тасқынының салдарын жоюға тағы 10 мың әскери және полиция қызметкерлерін жібергенін хабарлады. Осылайша, операцияға қатысатын құқық қорғау органдары өкілдерінің жалпы саны 17,5 мың болды.

4 қараша, 12:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.