Атырау, 26 желтоқсан 22:36
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Күзгі жаңғырту: Сәтпаевтағы үй тұрғындары жаңбыр күні шатырсыз қалды

710 просмотра

Күз келгенде Сатпаев көшесіндегі №18 үйдің шатырынан жаңбыр суы аға бастады.

«Атырау қалалық әкімдігі тарапынан қаланың көркін келтіру мақсатында, осы үйдің модернизация жұмысы шатырды және қасбетті жөндеу жұмыстарын бастады. Алайда жұмыстар күз келгенде жауын-шашынмен қабаттасып кетті. Қазіргі кезде төртінші қатардағы тұрғындардың пәтерінен жаңбыр суы ағып, үйіміз бүлініп жатыр», - дейді тұрғын.

Тұрғындардың айтуынша, жұмыстардың басталғанына үш апта уақыт болған. Бұған дейін жыл сайын пәтер иелері қаржы жинап, жаз айларында төбенің су кететін жерлерін өз күштерімен жөндеп келген. Қазір мердігер мекеме үйдің шатырын түгел алып тастап жөндеп жатқандықтан, тұрғындар қысқа дейін аяқталмай қала ма деп алаңдайды.

Қалалық әкімдіктің мәліметінше, аталған үйдің төбесін жабуды қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

- Қазіргі уақытта Сәтпаев көшесіндегі 14, 16, 18, 22, 24, 26, 28 -үйлерді модернизациялау және бір типті етіп келтіру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Аталған жұмыстар тамыз-қыркүйек айларында басталып, үйлердің сыртын термопанель және полифасадпен қаптау, сондай-ақ шатырларын заманауи стандарттарға сәйкес жабдықтау қарастырылды. Бұл үйлер ескі, бұрын шатыры болмағандықтан құрылыс жұмыстары барысында жаңбыр жауған кезде жоғарғы қабаттағы пәтерлерге су кеткен. Осы мәселеге байланысты тұрғындармен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мердігер жоғарғы қабат тұрғындарының шығындарын өтеуге немесе жөндеу жұмыстарын жүргізуге міндеттелді, - деді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Қаныш Сәтпаев даңғылындағы №18 үйдің қасбеті мен шатырын күрделі жөндеу жұмыстарын «Tau Corporation LTD» ЖШС атқаруда.

Аталған жұмыстарға 109 млн теңге қаралған.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

4 қараша, 13:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.