Атырау, 26 желтоқсан 22:50
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Көптоғайдан шыққан көрікті қыз әлемдік подиумды бағындырды

Сурет
1 012 просмотра

Құрманғазы ауданының Ресеймен шекаралас Көптоғай ауылынан шыққан кішкентай модель қыз Мариям ИШАНҒАЛИЕВА әлемді мойындатып үлгерген.  

Мәриям бүгінде С. Мұқанов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы. Облыс орталығынан 300 шақырымнан аса қашықтықта орналасқан қарапайым ауылда дүниеге келген.

Мариямның анасы Арайлым ҚАРАБАЛАЕВА мен әкесі Салауат ИШАНҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, отбасы Көптоғай ауылында тұрады, жеке кәсібі бар. Көзінің ағы мен қарасындай болған Мәриям астрахандық дәрігерлердің көмегімен 6 айлық - 920 грамм болып дүниеге келген. Өсе келе биге шеберлігі байқала бастапты. «Негізі өзімнің бишілік өнерім бар, бұл қызыма да дарыпты»,-дейді Арайлым.

Үш жастағы Мәриям анасының туфлиін киіп алып, айна алдында «мен ханшайым» боламын деп былдырлаған тілін қызықтаған ата-анасы оны түрлі бағытта суретке түсіре бастайды. Шекарада орналасқандықтан жақын әрі оңай болғасын, Мәриямды Астрахань қаласына апарып, фотосессия жасатып жүрген. Қырағы көзді ресейлік фотограф Мәриямның бойындағы ерекше образды байқап, фотобайқауларға қатысуға кеңес береді. 2021 жылы 8 жасар Мәриям «Мировая супермодель» онлайн конкурсына суреттерін жолдайды. Кішкентай қазақстандық арудың сұлулығына тәнті болған байқауды ұйымдастырушылар оны өз жобаларына шақырады.

«Бір күні бізге хабарласып, Мәриямның бірінші орынды жеңіп алғанын, бірақ бұған да тоқталмай, сән әлемінің түрлі конкурстарына қатысуға шақырды. Осыдан бастап Мәриямның сән әлеміне деген сенімі нығайып, әзірлікті бастап кеттік. Өзі кішкентай болса да Мәриям көйлектердің үлгісіне көбірек назар аударады, эскизін сызып, көйлектерін көршілес Жасталап ауылындағы Ботакөз есімді келіншек тігетін. Осы көйлектермен Сочи қаласында өткен байқауға қатысып, 109 елден қатысқан кішкентай модельдер арасында Мәриям ерекше әсер қалдырды. Әділқазыларды Мәриямның «Адай» күйімен дефильеге шыққаны, қазақтың ұлттық киімімен мың бұрала билей өнер көрсеткені қатты таң қалдырды. Үшінші турда сән көйлегі де ерекше әсер етті.

...Мен оның сахнада өзін ұстауына таң қаламын. Музыканы өзі таңдайды, әсіресе ұлттық дәстүрде өз елін таныстырған ерекше шеберлігі әділ қазылар алқасының назарын аударып, бас жүлдені жеңіп алды», - дейді Арайлым.

Анасының айтуынша, Мәриям ізденісін дамытып, түрлі елдердің сән ағымын қадағалап жүреді екен.

Сән әлеміне бет бұрып, шетелден де шақырту алғанымен, мектептегі оқуын да ақсатпай қатар алып жүреді.  

«Оқу озаты, әсіресе математиканы сүйіп оқиды. Мәриям өз ана тілімен бірге орыс, ағылшын тілін игерді. Біздің бірінші жетістігімізден кейін ауыл, ауданнан демеушілік танытып, қолдап отырды, - дейді анасы. - Үйдегі жалғыз бала болғанымен ата-әжесі «көп салмақ түсірмеңдер» деп айтып отырады. Біз, әке-шешесі оны құптаймыз, өз еркіне саламыз, ол әлі бала ғой. Жалпы өзімнің жетпеген армандарымды қызым бағындырса деген аналық тілегім бар. Ол ысыла бастады, өзін еркін ұстайды, қорықпайды, батыл».

Мәриямның бағындырған жетістіктері: республикалық «Мен математика жұдызымын» конкурсының екінші орын жүлдегері, республикалық «Мың бала» олимпидасының екінші орын жүлдегері, халықаралық «Әлем жұлдызы-2021» сұлулар байқауының гран при иегері, Сочи қаласындағы халықаралық жас модельдер байқауының  «Топ модель-2022» атағының бірінші орын иегері, Мәскеу қаласындағы  сән көрсетілімінде «Үздік модель-2022» атағының иегері, Мәскеу қаласындағы «Әлем сұлуы-2023» байқауының және Ресейдің халық суретшісі  В. М. Зайцевтің 85 жылдығына арналған Халықаралық байқаудың «Teen Miss Community-2023» номинациясы бойынша бас жүлде иегері. 

Мәриямнан алдағы арманын сұраған едік. Ол: «Мен дәрігер болғым келеді, Кореядан нейрохирургия мамандығын меңгеріп, елге келіп, адамдарға қызмет етсем деймін» деді.

Болашағынан зор үміт күттірген кішкентай қыздың Құрманғазы ауданының түкпіріндегі ауылдан шыққанын біреу біліп, біреу білмес. Қазақы ырыммен «тіл-көзден сақтасын» дейміз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Мәриямның отбасы ұсынған суреттер

4 қараша, 16:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.